Тасқала аудан әкімі Талғат Шакировтың тұрғындармен кезекті кездесуі Мереке ауылынан басталды.
Алдымен аудан басшысы Талғат Асқарұлы кездесумен тұспа тұс келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арған Жолдауын ауылдық мәдениет үйінде көпшілікпен бірге тыңдады.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева мен мекеме ұйым басшылары, сондай-ақ, шекара және БАҚ өкілдерінің қызметкерлері қатысты.
Жолдаудан соң Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков баяндама жасап, соңғы 8 айда атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Соның ішінде су жол мәселелеріне тоқталып, ауылға кіреберіс жолды жөндеу бағытындағы жұмыстарды тағы бір пысықтап өтті.
Өз кезегінде аудан басшысы Талғат Асқарұлы сөзін тәрбиеден бастап, әр ата-ана үйде бала тәрбиесіне баса назар аудару керектігін баса айтты. Содан соң ауданда жасалып жатқан жұмыстарды саралай отырып,тұрғындар арасында АӨК құру жөнінде ұсыныс тастады.
Егер тұрғындар кооператитвке біріккен жағдайда техника мен малдың жем-шөбін алуда жеңілдіктер болатынын жеткізді. Одан әрі жиын түсқайта Шежін ауылында жалғасты. Мұнда да ауыл әкімі Мержан Есқалиев иесіз қалып, құлап жатқан тұрғын үйлердің орындарын тазарту, көң-қоқыс алаңының аумағын абаттандыру мал қамайтын орынның қалпына келтірілгені, сондай-ақ істен шыққан жарық шамдарды ауыстыру жұмыстарының жүргізілгендігін айтып өтті.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары мал бағымы, жер, жол мәселелері бойынша көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды.
Жиыннан соң аудан әкімі тұрғындарға жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы