Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылдық округі әкімі лауазымына үміткер кандидаттар арасында пікірсайыс өтті. Оған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов, комиссия мүшелері Асланбек Ғұбашев пен Фархат Хайретдинов, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева, қауымдастық өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері, саяси партия өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Алдымен, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Тәуфикұлы мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Динара Құрманғалиқызы жергілікті қауымдастықпен жиын өткізді. Жиында сайлаудағы жаңа реформалар мен ауыл әкімдерінің сайлауы туралы ақпараттар талқыланды. Кездесуге қатысушылар сайлауға қатысты көкейлеріндегі сұрақтарды қойып, тұшымды жауаптар алды. Одан кейін жиналғандар дәстүрлі түрде өтетін пікірсайысқа қатысып, болашақ әкімдердің біліктілік деңгейімен танысты. Айта кету керек, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілген болатын. Қазіргі таңда аудан бойынша 9 ауылдық округтің жетеуі тікелей халықтың дауыс беруімен сайланып, қызмет атқаруда. Ауыл әкімдерінің сайлау кампанияларының бір ерекшелігі – кандидаттар арасында пікірсайыстар ұйымдастырылуы. Бұл шараның мақсаты – үміткерлердің іскерлік қабілеттері мен саяси мәдениетін көрсету, халықтың сайлау жүйесінің ашықтығына сенімін арттыру және олардың болашақ әкімге деген сенімін нығайту.

Бұл пікірсайыс Мерей ауылдық округі әкіміне кандидаттар арасындағы сайлауалды бағдарламаларын талқылау мақсатында өткізілді. Мерей ауылдық округі әкімі лауазымына үміткерлер арасындағы пікірсайыс сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Пікір сайысқа аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева ашып, қазіргі уақытта әкімдерді халықтың өзі сайлайтынын атап өтті. Ол әр сайлаушының дауысының маңыздылығын және жаңа жүйенің тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге ықпал ететінін айтты. «Жаңа жүйе бойынша тұрғындар өз әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы сайлайды. Бұл ауыл әкімдерін сайлау тұрғындардың жергілікті мәселелерін шешуге, олардың мүдделерін ескеріп, ауылдың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл әкімдерін тікелей сайлау елдегі демократиялық процестерді күшейтеді және саяси жүйенің жаңаруына үлес қосады», - деді Динара Құрманғалиқызы.

Содан кейін үміткерлер жеребе суыру арқылы өздерінің реттік нөмірлерін анықтап, бес кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде әр кандидат өзінің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Екінші кезеңде кандидаттар модератор тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Әр үміткер өздерінің жинаған тәжірибелеріне сүйене отырып, қойылған сұрақтарға нақты және дәл жауаптар беруге тырысты. Үшінші кезеңде кандидаттар бір-біріне сауал қойып, азаматтық ұстанымдарын және түйінді мәселелерге көзқарастарын білдірді. Төртінші кезеңде ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Бесінші кезең сайлаушыларға үндеу жасау үшін арналды. Үміткерлер ауыл тұрғындарын алдағы уақытта өтетін сайлауға белсенді қатысуға, өз таңдауын жасауға шақырды.

Аудандық сайлау комиссиясының қаулысымен Мерей ауылдық округінің әкімін сайлау 2 наурызға белгіленген. Үш кандидат құжаттарын тапсырып, тіркелген. Екі кандидат Ермеғали Ерлан Балқашұлы мен Қазбеков Асылхан Мырзахметұлы өзін-өзі ұсыну тәртібімен, ал бір кандидат Насимуллин Орынбек Жамбылұлы «AMANAT» партиясынан ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Округ бойынша үш сайлау учаскесі бар.

Сонымен қатар, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов Мерей ауылдық округіне қарасты №343, №344 және №346 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында комиссия мүшелерімен танысып, Қазақстан Республикасының сайлау туралы конституциялық заңының талаптарын сақтау, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеу, әр сайлаушыға шақыруларды жеткізу және комиссия жұмысының алгоритмі жайында сөз қозғалды.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы