Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округінде ауданның үлкендері мен жастары арасында көнерген салт-дәстүрлерді жаңарту, ұлттық мәдениетке қызығушылықты арттыру мақсатымен «Бастаңғы» жобасы аясында «Ұршық fest» сайысы өтті.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық және «Намыс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шараға әр елді мекеннен жиналған әжелер көк майсалы далаға киіз үй тігіп, ұршығы мен қой жүнін сайлап, киіз басып, жүн түткен бұрынғы күнді, ұмытылған әдет-ғұрыптарымызды еске түсірді.
Бұл іс-шараның ерекшелігі – халқымыздың ұмыт қалған жөн-жоралғысын әжесі мен немересі көрсетті. Сайысқа жеті команда қатысып, бақ сынасты. Байқау ең алдымен «Ұршық иіру» айналымынан басталды. Бұл айналымда әжелер өзінің әкелген ұршығымен жүн иірді. Оларға 15 минут уақыт берілді. Келесі кезең – «Дайын өнім жасау» айналымы. Бұл айналымда қатысушылар мата, әр түрлі бұйым арқылы қолынан келетін туындыны жасады. Әшекей мен маталарды үміткерлер өздері алып келіп, бар өнерін ортаға салды. Үшінші кезең – «Қолөнер көрмесі». Мұнда қатысқандар өздері жасаған туындыларды ұсынды.
Сайыс нәтижесінде I орынды Шежін ауылдық округі қанжығасына байласа, II орынға Амангелді мен Достық ауылдық округтерінің командалары ие болды. Ал III орынды Мереке мен Қазақстан ауылдық округтері өзара бөлісті. Белсенді қатысқаны үшін Тасқала, Ақтау және Қосшы ауылдық округтерінен келген команда мүшелері қошеметтелді.
Байқауға қатысқандарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz