
Дәстүрлі «Ақшақар» спартакиадасы биыл да Тасқалада өз жалғасын тапты.
Ауданның барлық ауылдық округтерінен келген 10 команда, 111 спортшы қатысқан бұл дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан жарыстың ел бірлігін нығайтып, жастарды шыңдайтын үлкен мектеп екенін атап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада бағдарламасына шаңғы жарысы, президенттік көпсайыс, конькимен жүгіру және допты хоккей енгізіліп, әр спорт түрінде тартысты бәсеке өтті.
Жарыс нәтижесінде әр спорт түрі бойынша жүйріктер мен мықтылар анықталды. Шаңғы жарысында ерлер арасында С.Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп командасының өкілі Р.Ерекенов мәреге бірінші болып жетті. Әйелдер арасында Достық ауылдық округінің намысын қорғаған Ф.Мусина жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Президенттік көпсайыста жас ерекшеліктері бойынша бірнеше спортшы топ жарып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 18–20 жас аралығында ерлер арасында Достық ауылдық округінің спортшысы Қадыржанұлы қарсыластарына дес бермей, көш бастады. Осы жас санатындағы қыздар арасында Мереке ауылдық округінің өкілі Н.Есенғали жеңімпаз атанды.

21–23 жас аралығындағы ерлер арасында Шежін ауылдық округінен келген Н.Жалмұханбетов үздік нәтиже көрсетсе, қыздар арасында Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының спортшысы С.Серік барша бәсекелестерінен оқ бойы озық шықты.
24–34 жас санатында ерлер арасында Мерей ауылдық округінің намысын қорғаған З.Мұхамедияров, ал әйелдер арасында Достық ауылдық округінің өкілі Ж.Кунтаева чемпион атанды. 35–39 жас аралығында С.Жақсығұлов атындағы мектептің спортшысы И. Фофонов.жетті.
40–49 жас аралығындағы ерлер арасында Мерей ауылдық округінен Б.Айтбаев бағы жанды, осы жас тобындағы әйелдер арасында тағы да Достық ауылдық округінің спортшысы Ф.Мусина үздіктер қатарынан көрінді. 50–59 жас санатында ерлер арасында Ы.Алтынсарин атындағы мектептің өкілі Қ.Кушалиев, әйелдер арасында Мерей ауылдық округінен Т.Ильина алтын жүлдені иеленді. 60–69 жас аралығында ерлер арасында тағы да Р.Ерекенов тәжірибесі мен төзімділігі жеңіске жол ашса, әйелдер арасында Достық ауылдық округінен Р.Бегалиева чемпион атанды.

Командалық есепте президенттік көпсайыс бойынша Достық ауылдық округі 192 ұпаймен көш бастады.
Конькимен жүгіру сайысында ерлер арасында Ақтау ауылдық округінің өкілі А.Сағынтаев мәреге бірінші болып жетті. Әйелдер арасында Мерей ауылдық округінің спортшысы Т.Ильина үздік нәтиже көрсетті.
Допты хоккей бәсекесінде Тасқала ауданының құрамасы жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілді. Ал осы спорт түрі бойынша жалпы командалық есепте Мерей ауылдық округі бірінші орынды иеленді.
Спартакиада тек жеңімпаздарды анықтаумен ғана шектелмей, аудан көлемінде бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, ауылдар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосты. Қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін берген бұл жарыс алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жаңа есімдер мен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтіні сөзсіз.
Еламан Құспанов