Ерекше балалардың мәселесіне қоғам назарын аудару, сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және қолдау мақсатында өткен шарада балалардың өз қолымен жасалған туындыларды олардың арасында суреттер, картиналар, қолымен жасаған ұсақ –түйектер, киіз, ағаштан жасалған қолөнер бұйымдары көрмеге орналастырылды.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Али Бердешев, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудан прокуроры Алмаз Унаев, аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры Мәрзия Нұрмұхамбетова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кентугаева, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ахметжан Гүбайдуллин, мекеме және дербес бөлім басшылары, ерекше балалар және ата-аналар қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев шараның маңыздылығына тоқаталып өтті. «Өздеріңіз білетіңдей қазан айы қайырымдылық, мейірімділік айы ретінде аталып өтіледі. Қазан айының 10 жұлдызы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау, оларға құрмет көрсету күні.
Бүгін ерекше шарада осы қайырымдылық айы аясында, ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалардың қолдарымен жасалған, қолөнер бұйымдарының шығармашылықтары көрмеге шығарылып отыр. Осындай шаралар ерекше балаларымыз үшін маңызды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың көңілдерін көтеріп, еңбектерін бағалап бүгінгі шараның өтуіне қолдау білдірген жандарға мың алғыс», - деген Әли Сағадатұлы бір топ балаларға арнайы сыйлықтар табыс етті.
Шара барысында ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері ән шашу ұйымдастырды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен келген қонақтар да ән айтып, билеп көтеріңкі көңіл күйде болды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы