18.07.2025, 11:15
Оқылды: 577

Тасқала ауданында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы анықталды

Отбасы – қоғамның ең басты әрі ең киелі іргетасы. Бүгінгі күнде ұлттық тәрбие мен рухани сабақтастықты сақтау мақсатында елімізде түрлі игі бастамалар қолға алынуда. Соның бірі – жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Осыған орай аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының аудандық кезеңі өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. 

image-17-07-25-04-27-1

Шараның мақсаты – отбасында өзара келісім мен рухани  сыйластықты нығайту. Отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру болып табылады. Айтып өтсек, ағымдағы жылдың аралығында аудандық байқау кезеңіне қатысуға жеті өтініш түсіп,  арнайы комиссияның шешімімен жеті отбасы да жолдама алған болатын.

image-17-07-25-04-27-2

Мерекелік шарада  жүргізуші байқау қатысушыларын салтанатты түрде таныстырып, олардың сіңірген еңбектері мен атадан балаға жалғасқан кәсібін, ұрпақтарының жетістіктерін, отбасылық ұстанымдарына тоқталды. Одан әрі аудан әкімі Талғат Шакиров арнайы қатысып жеңімпаздарды түрлі аталымдармен марапаттады. Мысалы, шежіндік Рисовтар «Ұлағатты отбасы», мерекелік Мамаевтар «Берекелі отбасы», амангелділік Тамашевтар «Еңбекқор отбасы» аталымдарына ие болса, Достық ауылынан келген  Нарыковтер «Ынтымақты отбасы», мерейлік Бабатаевтар «Жарасымды отбасы», Қазақстан ауылынан келген Динмухаметовтер «Үлгілі отбасы», сонымен қоса қосшылық Ерікбаевтар «Өнегелі отбасы» аталымдарымен марапатталды. Ал «Мерейлі отбасы-2025» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы болып тасқалалық  Дүйсеновтер әулеті танылды.

image-17-07-25-04-27

«Мерейлі отбасы – 2025» байқауы арқылы біз бірлік пен ынтымақты ту еткен әулеттердің бар екенін тағы бір мәрте дәлелдедік. Мұндай бастамалар отбасы институтының беделін арттырып, жастарға өнеге болары анық.

Ел Аман,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале