10.07.2025, 14:45
Оқылды: 631

Тасқала ауданында тазы жарысы өтті

Тасқала ауданы,  Амангелді ауылдық округінде ұлттық спортты дәріптеу мақсатында шырға тартудан республикалық деңгейдегі тазы жарысы өтті. Ел арасында сирек кездесетін, қастерлі жануар – құмай тазыны ұлықтаған бұл сайысқа еліміздің түрлі өңірлерінен итбегілер қатысты.

3962eca2-2643-4e8a-a142-f9fe591436db

Амангелді ауылдық округі әкімдігі мен ауыл жастары, сондай-ақ, аудандық спорт клубының  ұйымдастыруымен, аудан әкімдігінің қолдауымен өткен «Амангелді шырға-2025» республикалық құмай тазылар сайысының ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан мен Амангелді ауылдық округінің әкімі Әсет Хайршаков арнайы қатысты. Алдымен, шараға жиналған қонақтар  мен  ұлттық спортымызды дәріптеп, кеңінен насихаттап жүрген ит баптаушы серілеріміз құмай тазыларымен бірге еліміздің Гимініне сап түзеді. Содан соң, Мұқтар Таңатжанұлы сөз алып, барша жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады. Бүгінгі күн – тек жарыс емес, бұл – даланың текті болмысымен астасқан, бабалардан қалған асыл дәстүрдің жалғасын табар сәті. Көшпенді өмір салтының көне бейнесіндей, түз тағыларының сенімді серігі болған – құмай тазы аламанға түсетін күн! Құмай тазы – желмен жарысар, көз ілеспес жүйріктігімен ғана емес, мінезіндегі сабырмен, көзіндегі тектілікпен, бойындағы бекзаттықпен ерекшеленеді. Қазақ даласында тазы – жеті қазынаның бірі, ал иесі – сері, саятшы, сал дәстүрдің мұрагері саналған. Ол – аң аулап қана қоймай, иесімен бірге өмір сүріп, бірге қартая білетін адал серік, ұрпақ тәрбиесінің бір көрінісі, ұлттық мәдениеттің айнасы. Сондықтан, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан тазылар сайысына қош келдіңіздер. Өздеріңіз баптаған құмайларыңыз жақсы нәтиже көрсетуіне тілекшіміз деп Мұхтар Таңатжанұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Айта кетейік аталмыш жарысқа Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларымен бірге өзіміздің облысқа қарасты Жәнібек, Қаратөбе, Бәйтерек, Теректі, Тасқала ауылдарының құмай тазылары қатысты.

b46635e8-7914-4add-96c0-e4d1c88147d1

Ал игі істің өтуіне демеушілік танытып, ұлттық спортқа жанашырлық көрсеткен азаматтардың бірі – жергілікті атымтай жомартың бірі Қуаныш Ерболатұлы Дүйсегалиев болды. Өзі де тазы баптап жүрген Қуаныш жарыстың бас жүлдесіне құнан, екінші орынға баспақ, үшінші орынға қой тігіп, нағыз жомарттықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар, Мереке ауылдық округіне қарасты  "Жәңгір хан" шаруа қожалығының жетекшісі Жарқын Әлмұрзин де екі қой беріп, жарысқа қолдау білдірді. Бұл – Жарқынның ұлттық мұраны ұлықтаудағы алғашқы қадамы емес. Бұған дейін де Мереке ауылында өткен екі бірдей тазылар сайысының демеушісі болғанын айта кеткен жөн.

Нәтижесінде Жәнібек ауданынан келген Эльдар Бегалиевтің "Көкжал" атты құмай тазысы ширақ қимылымен, желмен жарысқан жүйріктігімен бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынға Ақтөбе облысының тумасы Кемер Айбектің тазысы ие болды. Ал, үшінші орынды да  ақтөбелік – Нұрболат Снядиновтың тазысы иеленді.

Сайыс барысында көрме, далалық сынақтар, курсинг (тазының қоян қуып, бағытын өзгерту қабілетін бағалау) секілді қызықты бөлімдер ұйымдастырылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар ұсынылып, келген жұртшылыққа нағыз дала думанын сезіну мүмкіндігі туды. Тазы иелері мен жас итбегілердің көптігі, тазы тұқымына деген қызығушылықтың артуы – ұлттық мұраға бетбұрыстың айқын белгісі.

Құмай тазы – ұлттың рухы, даланың перзенті

Ия, қазақ халқы тазыны жай ғана ит емес, ит төресі, ер серігі деп қадірлеген. Жылдамдығы мен аңға түсер шапшаңдығы арқылы ерекшеленетін бұл тұқым жаугершілік замандарда ер-азаматтың сенімді серігі болған. Кезінде Абылай ханның, Кенесарының ордасында тазы ұстау мәртебе саналса, ақын-жыраулар мен би-шешендер жырларында да тазының орны ерекше болған.

Алайда бүгінде таза тұқымды тазы сиреп барады. Статистикаға сүйенсек, республика аумағында құжатпен тіркелген тазылардың саны мыңнан аспайды. Бұл — өте алаңдатарлық көрсеткіш. Себебі қазіргі заманда асыл тұқымды иттер қатарына ресми түрде тіркелмеген тазылар көп. Ал заңды мәртебе алмайынша, бұл ұлттық байлығымыз халықаралық деңгейде мойындалмайды.

Сондықтан, ауданымыздағы қолға алынып жатқан "Ит төресі – тазы" жобасы – ұлттық тұғырды сақтауға бағытталған нақты қадам екені сөзсіз. Бұл тек спорттық сайыс емес, рухани тәрбие, ата-бабамыздан қалған аманатқа адалдықтың көрінісі. Сондықтан, ұлттық мұраны ұлықтайық!

354bfea1-c914-4022-8829-338ca1c39443

Ұлттық құндылық – тек өткеннің белгісі емес, болашаққа бағыт берер шамшырақ. Тазы — далалық мәдениетіміздің символы, табиғатпен үйлесімде өмір сүрудің, аңшылық өнердің, төзімділіктің үлгісі. Осындай асыл мұраны сақтап, ұрпаққа табыстау – барша елдің, әсіресе ел ішінде жүрген жанашыр азаматтардың борышы.

Осындай шараларға ұйытқы болып, оның жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік жасап жүрген аудан басшылығына, ұйымдастырушылар мен демеушілерге ел алғысы шексіз.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале