Халықаралық жастар күніне орай Тасқала ауданында ерекше мерекелік көңіл-күй орнады.

Тамыздың тамылжыған кешінде аудан орталығында өткен «Тасқала FEST» мерекелік концерті жастардың басын қосып, өнер мен серпінге толы сәттер сыйлады. Аталмыш шара Тасқала ауданы әкімдігі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалы,Жастар ресурстық орталығы және БҚО жастар ұйымдары қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді. Сондай-ақ кештің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсеткен Тасқала интернет мейрамханасы, «Фатима» және «Баракат» тамақтану орындарына алғыс білдірілді.

Жастар мерекесін ауданымыздың әкімі Талғат Шакиров "Өресі биік, рухы мықты өңір жастарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын", - деп ізгі лебізін білдіріп, белсенділігімен дараланып жүрген бірқатар жастарға құттықтау табыстады.

Жайдарлы кештің шырайын келтірген ауданымыздың өнерлі жастары Сұлтанмұратов Бақдәулет, Тоқсанова Әсия, сондай-ақ көпшілікке танымал Тау Тамада мен қонақ өнерпаз Raketa көрермендерге ерекше әсерлі әндер мен көңілді әуендер тарту етті. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі байқау мен «ән табу» сайысының жеңімпаздары да анықталып, демеушілердің сертификаттарымен марапатталды.

«Тасқала FEST» – аудан жастарының басын қосып қана қоймай, олардың еңбегін бағалап, шабыттандыратын, жаңа серпін беретін мереке болды. Жастардың белсенділігі мен өнерге құштарлығы ауданымыздың болашағының жарқын екендігін тағы бір дәлелдеді.
Ел Аман,
Тасқала ауданы
