Warning: session_start(): open(/tmp/sess_1e536fh1j2o8jvhv6hoaf37tnt, O_RDWR) failed: No space left on device (28) in /www/wwwroot/zhaikpress.kz/wp-content/themes/zhaik_2024/functions.php on line 288

Warning: session_start(): Failed to read session data: files (path: ) in /www/wwwroot/zhaikpress.kz/wp-content/themes/zhaik_2024/functions.php on line 288
Жайық Пресс - Тасқала ауданында зияткерлік сайыс өтті - официальные новости ЗКО
12.01.2026, 12:00
Оқылды: 66

Тасқала ауданында зияткерлік сайыс өтті

Тасқала ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің туған күніне орай «TalqyLike» зияткерлік куиз ойыны ұйымдастырылды. Рухани тағылымға толы бұл шараның басты мақсаты – ақынның бай мұрасын кеңінен насихаттау, оның шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ аудан жастары мен мекеме қызметкерлерінің білімін шыңдап, мәдени-рухани байланысын нығайту болды.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 11.02.16 (1)

Салтанатты жиынға Тасқала ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан қатысты. Шара барысында Қадыр Мырза Әлінің өмір жолы, әдебиеттегі орны, поэзия мен прозадағы, аударма саласындағы еңбектері кеңінен сөз болып, оның әрбір туындысының тәрбиелік мәні, ұлттық рухты оятудағы рөлі ерекше аталып өтті.

Зияткерлік ойын бес кезеңнен тұрды. «Жауап бер» кезеңінде қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына, қазақ әдебиетіне қатысты сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап берсе, «Әуен тап» бөлімінде Қадыр ақын өлеңдеріне жазылған әндер мен қазақ музыкасына қатысты әуендер тыңдалып, олардың атауы мен авторлары анықталды. «Ойлан тап» кезеңінде логикалық әрі танымдық тапсырмалар ұсынылып, командалардың ой ұшқырлығы сыналды. «Тақырып» бөлімінде бірнеше сұрақтың жауабын біріктіре отырып, ортақ тақырыпты табу талап етілсе, ал ең тартысты «Бәс» кезеңінде командалар жинаған ұпайларын тәуекелге салып, өз білімдеріне деген сенімдерін көрсетті.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша, аудандық театр ұжымы атынан қатысқан «ЖаңаLeр» командасы жоғары дайындық деңгейін танытып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І орынды жеңіп алды. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Қырандар» командасы білім мен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, ІІ орынға тұрақтады. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Ойлы жастар» командасы үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға ие болды.

Сайысқа қатысқан аудандық спорт кешенінің «Бірлік» командасы мен Тасқала ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Зерде» командасы да жоғары белсенділік танытып, мазмұнды жауаптарымен ерекшеленді. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

WhatsApp Image 2026-01-12 at 11.02.16

Шара соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар сөз сөйлеп, Қадыр Мырза Әлінің шығармалары қазақ халқының рухани қазынасы екені, оның поэзиясы адамды отансүйгіштікке, адамгершілікке, терең ойға тәрбиелейтіні атап өтілді. Осындай зияткерлік ойындар арқылы жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығы артып, ұлттық құндылықтарға құрметі нығаятыны айтылды.

«TalqyLike» куиз ойыны мазмұны бай, тәрбиелік мәні зор, жоғары деңгейде ұйымдастырылған рухани шара ретінде қатысушылардың есінде қалды. Ақын мұрасын дәріптеген бұл танымдық сайыс аудан өміріндегі мәдени оқиғалардың біріне айналып, алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенім білдірілді.

Еламан Құспанов,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале