10.02.2021, 17:34
Оқылды: 35

Тасқала ауданының әкімі есеп берді

Сәрсенбінің сәтінде Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы тұрғындар алдында есеп берді. Онлайн форматындағы есептік кездесу басталмас бұрын ел назарына Тасқала ауданының дамуынан сыр шертер бейнебаян ұсынылды.

А.Халелов

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында  халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру үшін аудан әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында «Ашық әкімдік» фронт-офисы ашылды. «Ашық әкімдік» алаңында бес бөлім, аудан әкімі аппаратының кеңсесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы орналасқан. Барлығы 38 мемлекеттік қызмет және әр сала бойынша кеңестер ұсынылады.

- «Ашық әкімдік» іске қосылғалы бері өткен жылдың 11 тамызынан бастап 1095 азаматқа қызмет көрсетілді. Сонымен қатар «Ашық әкімдік» жанынан тұрғындарды жеке қабылдауға арналған арнайы бөлме ашылды. Жыл басынан бері өзім және орынбасарларым 44 жеке қабылдау өткізіп, жалпы 117 адамды қабылдадық. Соның ішінде 92 азамат өзімнің жеке қабылдауымда болды. Өткізілген 44 жеке қабылдаудың 37-сі онлайн форматта өтті. Жалпы көтерілген сұрақтардың басым бөлімі тұрғын үймен қамту, жол жөндеу, жұмыспен қамту, жер бөлу мен несие алу мәселесіне қатысты болды. Көтерілген мәселелердің 11-і оң шешілсе (жолды асфальттау, жұмыспен қамту, су өткізу, интернет тарту), 33 бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, фейсбуктегі және инстаграмдағы аудан әкімдігі мен өзімнің жеке парақшама жалпы 37 сауал түсіп, уақытылы жауап берілді.

Карантин жарияланып, шектеу шаралары енгізілгенімен есепті кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жолында біркелкі жұмыстар атқарылды. Соның арқасында аудан тұрғындары, әсіресе жастар вахталық жұмыста жүріп, уақытша жұмыссыз қалған азаматтар жұмыспен қамтылды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының 18 съезінде сөйлеген сөзінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын, - деді аудан басшысы Алдияр Халелов.

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале