12.12.2025, 17:20
Оқылды: 281

Тасқала ауданының үздік жастары марапатталды

7798b408-0b6b-4c85-abae-1780e0aecf53

Дәстүрге сай биыл да аудандық халықтық театр ғимаратында  жастарға  арналған  «Жыл үздігі – 2025» премиясы өтті.

Аталмыш шара  жастар ресурстық орталығы және «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің  ұйымдаструымен, ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл күні  әр салада қызмет атқарып, ең үздік деп танылған жастар марапатталды.  Шара барысында  15 жас әр аталым бойынша арнайы дипломдар мен статуеткаларға ие болды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Талғат Шакиров,  аудандық маслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасарлары Әли Бередешев пен Рауан Рахметуллин,  «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының  төрағасы Люция Жұбанышқалиева мен бөлім басшылары арнайы қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі Талғат Шакиров жастарды мерекемен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді.

Шара барысында жыл қорытындысы бойынша өңіріміздің ең үздік  деген жастары түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Көшбасшылар қатарын «Үздік полиция» аталымымен марапатталған Наргиза Балгужина бастаса,  «Үздік мекеме» аталымын аудандық мәдени демалыс орталығының ұжымы  иеленді. Білім саласында ерекше көзге түскен «Үздік оқушы» атағы озат оқушысы Жамиля Нұргазиеваға бұйырды. Ал жас педагогтар арасынан суырылып шығып, «Үздік жас ұстаз» аталымын Диана Мұратова иеленді. Қоғамдық қауіпсіздік пен батылдықты ту еткен Аманбай Нажмиддинов биылғы «Үздік жас өрт сөндіруші» аталымын жеңіп алды. Спорт саласының үздігі болып Мақсат Қозбағаров танылса, шығармашылық бағыттағы «Үздік жас ақын» атағы талантты қаламгер Шәки Жанарысқа бұйырды. Мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Тасқала аудандық халықтық театрының актері Бақдаулет Сұлтанмұратов «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымымен марапатталды. Ал мемлекеттік қызмет саласындағы үздік жетістіктері үшін Айнагүл Распаева «Үздік жас мемлекеттік қызметші» атанды.

Сонымен бірге, «Үздік жас шекара қорғаушы» атағы Бақтияр Канапиевке, ал денсаулық сақтау саласындағы «Үздік жас дәрігер» аталымы аудандық аурухананың білікті медбикесі Назгүл Касимоваға табысталды. Жас дарындар арасында заманауи медианың қарқынды дамуына үлес қосқан Наил Усагалиев «Үздік жас мобилограф» аталымына ие болса, «Үздік жас кітапханашы» атағы Бақтыгүл Шотановаға берілді. Жастар саясаты саласындағы қажырлы еңбегі үшін Тасқала аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының Мереке ауылдық округі бойынша кеңесші маманы Аязби Аубекеров «Үздік ЖРО қызметкері» атанды. Жыл таланты атанған «Үздік жас дарын» номинациясын Бекнұр Зәлі жеңіп алды.

Бұл марапаттар ауданымыздың белсенді, еңбекқор және талантты жастарының жетістігін айқындап, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін тағы бір мәрте атап өтті.

 

  Еламан Құспанов,

   Тасқала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале