Бүгін Тасқала колледжінің қоғамдық-тұрмыстық корпусы «Еңбегі мықты елдің ертеңі жарқын» атты салтанатты шараның куәсі болды. Бұл іс-шара елімізде 2024 жылға белгіленген «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылып, мақсаты – техникалық және кәсіптік білімнің маңыздылығын арттыру, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және студенттердің кәсіби бағыт-бағдарын айқындау болды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, мекеме басшылары, колледждің әлеуметтік серіктестері, студенттер мен ұстаздар қауымы қатысты. Шара колледж студенттерінің қолөнер көрмесімен, интерактивті стендтер мен студенттердің жаңашыл өнертабыстарын таныстырумен басталды. Көрмеде жас өнертапқыштар өздерінің техникалық және шығармашылық жобаларын ұсынды.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Талғат Асқарұлы жұмысшы мамандықтарының ел дамуына тигізетін әсеріне тоқталып, осы саладағы жоспарлармен бөлісті. «Биыл біз ел өндірісіне серпін беріп жүрген еңбек адамдарының еңбегін насихаттауға баса назар аударамыз. Жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру үшін аудан көлемінде арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы мақсатта аудан әкімдігі жанынан жұмысшы штаб құрылып, жылдық жоспар әзірленді. Сонымен қатар, еңбек майданының батырларын халыққа кеңінен таныту үшін арнайы медиа-жоспар жасақталды. Баршаңызды осы айтулы шараның ашылуымен құттықтаймын. Өндірісіміз өрісті, жұмысымыз жемісті болсын»,-деді аудан басшысы өз сөзінде.
Іс-шарада Бәйтерек және Тасқала аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәрзия Нұрмұхамбетова да сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. «Мен құрылысшы мамандығында үш жылға жуық еңбек еттім. Кез келген істі бастау қиын болғанымен, ол өз жемісін береді. Құрылыс саласында жол жөндеумен айналысып, тұрғын үйлер салуға атсалыстым. Бүгінде бұл салада білікті мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан студенттерге айтарым - алған білімдеріңізді тәжірибемен ұштастырып, өздеріңізді дамытудан жалықпаңыздар. Ал біз, өз кезегімізде, сіздерді жұмысқа орналастыруға барынша қолдау көрсетеміз», - деді.
Одан әрі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің ардагер ұстазы Таңатар Бакитов жастарды мамандық таңдау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Кейбір жастар мектеп бітірген соң қалаға барып, кейін ауылға қайта оралып, колледжде оқуға мәжбүр болады. Мұның басты себебі – мамандық таңдаудағы қателіктер. Сондықтан ата-аналар балаларына дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың қабілетіне сай кәсіпті таңдауына көмектесуі қажет. Жұмысшы мамандықтар тек табыс көзі ғана емес, сонымен бірге ел дамуына қосылатын маңызды үлес»,-десе, №33 топ білім алушысы, өңірлік «WorlSkills» чемпионатының 3-ші дәрежелі жеңімпазы, «Үздік жас студент-2024» аталымының иегері Дарья Понкратова престижді байқауға қатысу мүмкіндігін бергені үшін рақметін айтып, байқаудың жаңа қабілеттерін ашуға, жаңа дағдыларды игеруге және кәсіби шеберлік рухын сезінуге көмектескенін тілге тиек етті. «Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ол маған жаңа дағдыларды игеруге, өз қабілеттерімді сынауға және кәсіби шеберлік рухын сезінуге мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті сыйлаған барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін»,-деді.
Шара соңы маңызды құжат – ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімімен жалғасты. Тасқала колледжінің директоры Данияр Дүйсенғалиев пен «Нұргелді» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айбахыт Сисенғалиева арасында жасалған бұл келісім студенттердің тәжірибеден өтуіне және болашақта жұмысқа орналасуына жол ашатын маңызды қадам болып табылады.
Жұмысшы мамандықтардың қоғамға тигізетін ықпалы зор екені бәрімізге мәлім. Олар – еліміздің экономикасының тірегі, өндірістің қозғаушы күші. Әрбір саланың табысты болуы – жұмысшы мамандардың кәсібилігі мен адалдығына байланысты. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы жастарды еңбекке баулу-ел болашағы үшін аса маңызды.
Болат Бек,
Тасқала ауданы