14.12.2017, 15:28
Оқылды: 62

Тасқалада Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Тасқалада Алаш қозғалысы және Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Ұлттық демократияның бастауы: Еркіндікке ұзақ жол» атты ғылыми конференция өтті.

Оған облыстық тарих және археология орталығы директорының орынбасары, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов, аталмыш орталықтың аға ғылыми қызметкері Назгүл Төкешева мен ғылыми қызметкерлер Қайсар Ташай, Айсана Исақова арнайы қатысты.

-Биылғы жыл тарихи дата мен оқиғаға толы. Сөз бастаған шешен әрі батыр Сырым Датұлының 275 жылдығы,  Алаш Орданың 100 жылдығы ерекше аталып өтілуде. Облыстық, республикалық көлемде ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Алаштың басты мақсаты қазақ елінің басын қосып, азат ету еді. Бүгінгі конференция бабаларымыз айтқан сөздері мен атқарған еңбегін, ұлт мүддесі үшін ұстанған мақсаттарын халыққа жеткізу мақсатында өткізілуде. Елбасы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында жақында ғана «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы жасақталып, еліміздің 100 тарихи нысаны анықталды. Оған облысымыздан 6 нысан енсе, соның ішінде біздің орталық ұсынған екі нысан бар. Бұл – Жайық қалашығы және Тақсай оба кешені. Тарихымыз күн санап түгенделуде.

Ортағасырлық «Жайық» қалашығы болашақта ашық аспан астындағы мұражайға айналады деп жоспарлануда. Бұл облысымызда туризм саласының одан әрі қарыштап дамуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Тақсай оба кешенінен археологтар алтын әшекеймен көмкерілген 20 жасар әйелдің сүйегін тапқан еді. «Тақсай ханшайымы» атанып кеткен бұл ескерткіш жәдігердің түпнұсқасы бүгінде Ұлттық музейде, көшірмесі облыстық мұражайда  сақтаулы тұр.

Ал Тасқала ауданына тоқталатын болсақ, өңіріміздегі ең  тарихи өңірдің бірі деп есептеймін. Орталық өңіріміздегі тарихи мұралар туралы жинақ шығарды.  Жинаққа  Тасқаладан 197 тарихи археологиялық, 15 тарихи-мәдени және 13 табиғи  нысан кіріп отыр. Болашақта бұл нысандар белгілі бір тізімдер қатарына енеді деп ойлаймыз. 197 нысан облыстық деңгейде қорғауға алынды. Негізінен ауданда темір, қола дәуіріндегі ескерткіштер жиі кездеседі,- деді С.Кішбекұлы.

Конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Назгүл Төкешева «Материалыпо истории Алаш архивных фондах Западно-Казахстанской области», Айсана Исақова «Алаш үкіметі және Әлихан Бөкейханов», Қайсар Ташай «Алаш қозғалысының тарихи қалыптасуы», Сәулет мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Ғинят Шакиров «Алаш мұраты» тақырыптарында баяндама жасап, тарих парақтарынан сыр шертті.

Динара НАСЫР,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале