31.03.2023, 15:45
Оқылды: 64

Тасқалада аналар форумы өтті  

 

«Әлемнің жарығы өзіңсің, ана!». Дәл осындай атаумен жуырда аудандық білім беру ұйымының ұйымдастыруымен С.Жақсығұлов атындағы мектепте аудандық аналар форумы өтті. Форумға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова және білім беру ұйымдарының басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп өміріне белсене қатысушы үлгілі аналар қатысты.

аналар форумы

Форум аудандық балалар музыка мектебі хорының «Сұлу қыздар» әнімен ашылып, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызының құттықтауына жалғасты.

 «Бүгінгі аналар форумының мәні мен мазмұны зор. Ұрпақ тәрбиесіндегі орны зор аналарға деген құрмет қашанда жоғары тұрады. Отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі, мейірімді жүрек иесі аналарымыздың қоғамның дамуы үшін жасар толағай істері көп бола бергей. Спикеріміздің тәлімі мол, өнегелі сөздері отбасымызда азық болып, жақсылық пен ізгілікке бастау болсын.  Бүгінгі форумда көтерілген ұсыныс-пікірлер, айтылған сөздер сөз жүзінде қалмай іс жүзінде жалғасын тапса игі», - деді Айгүл Касимова.

Форумға шақырылған спикер аналардың алғашқысы Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Сарымсақ Ялпакова ұрпақ тәрбиесі, «Әже. Ана. Келін» үштік одағы сабақтастығын, қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, рухани құндылығына тоқталса, Оян ауылының тұрғыны, зейнеткер ана Күнайым Гиметдинова үйдің берекесі болып отырған аналар хақында өнегелі сөздер айтып, өзінің өмірінен мысалдар келтірді. Сонымен қоса аудандық аналар кеңесінің төрайымы Майра Нұрмақова ананың мейірімділігі, ыстық алақаны, жылы жүрегі мағынасын қазіргі таңда жасөспірімдерге жеткізу жолдары, отбасындағы тәрбие құндылықтарын сөз етті. Ал Қ.Сәтбаев атындағы  мектептің мұғалімі, білікті ұстаз Ақжарқын Нагиева ата-ана мен мұғалімнің қарым-қатынасын, бұрынғы және қазіргі замандағы мұғалім ананың келбеті туралы толымды сөз айтты.

 Амангелді ауылының тұрғыны, кәсіпкер ана Зульфия Сергазиева отбасылық өмір мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрудегі өзіндік қиындықтары мен артықшылықтарын баяндаса, облыстық аналар форумына қатысушы, «Сәулет» мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған, көпбалалы ана, психолог Айнагүл Дакишева отбасындағы жағдаяттар мен психологиялық жағдайларды реттеуге кеңестер берді.

Форум аясында балалар музыка мектебінің «Домбыра» сыныбының шәкірті Қойшекен Рахманның орындауында «Арпалыс» күйі, балалар музыка мектебінің термешілер ансамьблінің орындауында халық әндерінен топтамалар, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпазы Айбек Қаховтың орындауында «Анашым» әні орындалды.

Форум соныңда спикер аналарға «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігінің тарапынан арнайы сый-құрметтер көрсетіліп, естелік суретке түсті.

 

Меңдібек Нұрболатұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале