Тасқала ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп гимназиясында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Ананың жүрегі – әлемнің гүлі еді» атты аудандық аналар форумы өтті.

Форумға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудан әкімнің орынбасары Саягүл Галиева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Дүйсенова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, ардагер ұстаздар, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жас аналар мен мектеп парламентінің мүшелері қатысты.

Форум барысында аудан басшысы Талғат Асқарұлы алғы сөз алып, қоғамның бір бөлшегіне айналған, ұрпақ тәрбиесі мен өмірдің сан саласында зор қызмет атқарып жүрген аналарды халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, форумның жоғары деңгейде өтуіне тілегін білдірді. «Қайырлы күн, құрметті аналар мен қыздар. Барша әйелдер қауымын келе жатқан нәзік жандылардың төл мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, жұмыстарыңыз жемісті болсын. Қоғамның тұрақтылығы мен дамуында аналардың рөлі аса маңызды рөлге ие, әрбір нәзік жандыға зор денсаулық, бақыт, жетістік тілеймін. Еліміз, ауданымыз, әр ауылымыз дами берсін. Жақсылығымыз көп болсын. Бүгінгі шара мақсатына жетіп, нәтижелі болсын», - деді аудан басшысы.

Форум бағдарламасы еркін форматта ұйымдастырылды. Спикерлер ұлттық мәдениетімізді насихаттайтын шеберлік сағаттарын өткізді. Мемлекет басшысының 2024 жылдан бастап наурыз айын кең көлемде атап өтуді тапсырған еді. Наурызнама аясында спикерлер ұлттық ойындар, қолөнер, ұлттық тағамдар, шаш өру, ұршық иіру, көрпе жасау сияқты қазақтың бай мәдениетін таныстырып, қатысушыларға өз тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар мен қонақтар тарапынан оң пікірлер айтылды. Форум соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы форумға қатысқан спикерлерге алғысын білдіріп, олардың шеберлік сағаттары үшін құттықтау хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы