26.05.2020, 11:26
Оқылды: 45

Тасқалада ажырасу белең алып тұр

Соңғы уақытта ажырасу белең алуда. Тек жастар емес, немере сүйіп отырған елудің ауылына қонғандардың да бірін-бірі көрместей болып, тағдыр жолдары екіге айырылғандарын кездестіріп жүрміз. Өкінішті, әрине.

8BB45BBE-8D64-4493-95E9-43F150FF0CE0

Иә, отбасында туындайтын кикілжіңнің салмағы ауырлап жатқаны ащы болса да, шындық. Сырттай жұмбақ болып көрінетін әрбір жанұядағы ері мен әйелі арасындағы осындай қақтығыс салдарынан шаңырақ іргесі сетінеп, ажырасып жатқандар жетерлік. Неге дейсіз ғой?! Көбіне өз отбасында алған тәрбиенің салқыны тиіп жатады. Мұның бәрі біржақты орын алатын жағдай емес екені де баршаға мәлім. «Ішке сыйған бала сыртыма да сыяды» деген негізге саяды. 

Статистикалық мәліметтерге үңілсек, 2018 жылдан бастап неке бұзуда азаматтық істердің өскені байқалған. Мәселен, ауданда 2018 жылы қаралған 39 істің 26-ы қанағаттандырылып, осынша отбасы некесін заңды түрде бұзған. Ал 13-і өзара татуласуына орай медиация тәртібімен бұзылғалы тұрған шаңырақты сақтап қалған. 2019 жылы 56 істің 41-і (отбасы) ажырасып кетсе, 10 жанұя (медиация тәртібімен) ортақ келісімге келіп, жылы ұяларының іргесін берік ету жайында ұйғарым жасапты. Осы жылдың төрт айында некені бұзу туралы 14 іс қозғалып, оның 7-уі қанағаттандырылған. Ал 3 іс қысқартылыпты. Соның екеуінде ерлі-зайыптылар өзара кешірімге келген. Бұл, әрине, ойландырар жайт.

Сәбидің үнін кім тыңдайды?

Аудандық соттың бас маманы М.Темірғалиеваның мәліметіне жүгінсек, некенің бұзылуын қалап, арыз жазғандардың дені 23 пен 40 жас аралығындағылар. Осындай арызбен сотқа жүгінгендердің 82 пайызын нәзік жаратылыс иелері құраған. Ал 18-і (пайызы) ер адамдар үлесінде. Көбіне шаңырақтың шайқалуы ерлердің тұрақты жұмысының болмауы, құмар ойындарға басын тығып алып, тапқан-таянғанын соған жұмсауы, ішімдікке құмарлық, қыдырымпаздық сынды жағдайлардан туындаған. Бұл мәселеде біз нені түсінуге тиіспіз? Барлық ауыртпалық көбіне әйелдердің иығына түсетіні шындық. Ырыққа көнбейтін күйеуімен әрі алысып, бері алысып, ақыр соңында «шаңырақты сақтаймын» деп шаршаған әйелдің де бір күні шыдамы таусылып, некені бұзу үшін сотқа жүгінбеске амалы қалмайды. Тағы бір аудандық сот мәліметінде бірін-бірі сүйіп қосылған жастар он екі жылдан соң айырылысу үшін сот төрелегіне жүгінеді. Арызды ері, яғни азаматы жазады. Оған себеп – 12 жылдан соң ұлы өзінің туған баласы емес екенін біледі. Бұл қандай ауыр жаза десеңізші?! Ақыр аяғында екі тараптың бір шаңырақ астында бастары бірікпей, амалсыз айырылысып кетеді. Кей жағдайда әйел ақылдылық, шыдамдылық танытса, кей жағдайда мәселе басқаша өрбіп жатады. Қалау әр адамның өзінде. Себеп те әрқилы. Бастысы, әке баланы өз ұлындай көрді. Тәрбиеледі. Ақыр соңында қанаттыға қақтырмай жүрген перзентінің қаны бөтен екенін білгенде, мұндай сатқындыққа төзе алмады. Сөйтіп, сырттай қарағанда айрандай ұйып отырған бір шаңырақ ортасына түсті. Екі ортада бала көңілі шерменде болды. Бір сынған дүние қайта құралмасы айқын. Қайта құралса да жамауы білініп, көрер көзге оғаш көрінеді. Өткен күннен таңба қалады. Жүректегі жара да оңайлықпен жазыла қоймайды. Осы жағдайдың әке үшін өте ауыр соққы болғаны айтпаса да түсінікті. Тағы бір мысал: бір қыз тұрмысқа шығады. Бастапқыда жұбайлық өмірде бәрі қалыпты өтіп жатады. Жастар да бір-біріне ынтық. Мақсат – бір, мүдде – ортақ. Уақыт өте келе арадағы нәзік сезім әдіре қалып, үйде ұрыс-керіс шыға бастайды. Келіншек ата-енесімен сиыспайтынын, бірақ бөлек шығу туралы әңгімені жұбайының құптамайтынын негіз етеді. Бұлар – ауданда орын алған жағдайлар. «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының» кері. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасудың артқанын алға тартады. 1,5 млн. үй болу дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт аралығында ажырасушылар сапында болған екен. Ойланып қалдыңыз а?! Мамандардың айтуынша, көбіне қара бастың қамын күйттейтіндер ортада тағдыр талқысына түсетін баланы естен шығарып алады. Ал әкені тірідей жоғалтқан баланың ішіндегі «сәби» үнін кім тыңдап жатыр? Онымен кім санасады? Әкені немесе шешені сағынған бала тірідей жетім саналады емес пе? Біз көбіне мәселенің бергі жағын ғана көргенімізбен, тереңіне үңілуді қажет деп таппаймыз. Әрине, айтуға оңай. Жалпы, ерлі-зайыптылардың ажырасуы демографияға да өзіндік кеселін тигізуде. Сондықтан ата-бабамыз сүйенген дәстүрлі ислам, имандылық қағидалары әр отбасында үстемдік құрғаны дұрыс екенін алға тартады дін өкілдері.

Ері жалтаң, әйелі адуынды

Бір жылдары маскүнемдікке салынған еркектер көбейіп кетті. Олардың дені отбасынан қуылып, әйелі тастап кетіп, тентек судың тентіреген құлына айналды. Контейнерлерді жағалап, азып-тозып жүретін еркектер (басым бөлігі еркек) қоғамға «бомж» деген жаңа термин алып келді. Құдай бетін әрі қылсын. Көшеде азып-тозып жатқан, аязда үсік шалғандар жиі кездесті. Ал бүгінгі заманда ондай адамдардың далада қалмасы айқын. Себебі оңалту мекемелері осындай тағдыр талқысына түскендерді қайта өмірге бейімдейді. Бір жағынан, қазіргі қоғамда жастар имандылыққа бет бұрған. Қайырымдылық көп. Ішімдік ішілмейді. Намаз оқылады. Аллаға тәубе. Мамандардың айтуынша, ерінің отбасын асырай алмауы, яғни тұрақты жұмыс жасамауы – ажырасуға басты себеп.

Не арба сынады, не өгіз өледі

Мына бір деректерге назар салып көрейікші. Қазақстандағы әрбір он жас қол ұстасып бірге аттанған жұбайлық өмірдің алғашқы бес жылында ажырасып кетеді екен. Мұндай деректі «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының Президенті Марианна Гуринаның жазбасынан кездестіруге болады. Ол ажырасуға өтініш бергендерді үш айдың ішінде психологтың толық курсынан өтуге міндеттеуді ұсынады. «Сот олардан (ерлі-зайыптылардың) екеуінің психологтың толық үш айлық курсынан өткенін айғақтайтын құжатты талап етсе, бұл талап заңды түрде бекітілсе, бұл әлеуметтік мәселе шешімін табар еді», – дейді. Оның пікірінше, қазір Қазақстанда ажырасамын дегендерге мемлекет тарапынан ешбір кедергі немесе көмек жоқ деген негізге саяды. Егер жұптың баласы немесе мүлкі болмаса, бір-біріне талап қоймаса, сотқа бармастан АЖАЖ-да тағдыр жолдары екіге айырылады. Бұл да жаман тұжырым емес.

4B487D0C-8601-4EBE-B115-83B30728B8D3

Әрине, ажырасудың артында жанары жәудіреген бала тағдыры тұр. Басты мәселені естен шығарып алатынымыз өкінішті. Ажырасудың негізгі тетігі – зорлық-зомбылықтың орын алуы да өршіп тұр. Сонау елді дүрліктірген Ақтаудағы жағдайды қайыра еске салмай-ақ қоялық. Әйтсе де осындай кеше ғана «күйдім, сүйдім» деп жақсы көріп, жүректері ұғысып үй болғандардың уақыт өте келе «азаматым» деп етегінен ұстаған жарынан зорлық-қорлық көріп жатқаны қаншама?! Көбі күйеуінен таяқ жейтінін айтуға ұялады. Намыстанады. Немесе үйдегі «сол босағаға тастай батып, судай сің» деген темірдей тәртіпті ұстанады. Ақыр аяғы өкінішке, ауыр қайғыға ұрындырып жатқаны қаншама?! Қайтара алмас қайран уақыт. Иә, шаңырақта азаматы әйеліне қол көтерсе, елдігімізге сын. Жаппай қоғам болып бұл келеңсіздікке тосқауыл болу жайын ойласақ, қане?!

Гүлнар Қадырова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале