Жуырда Тасқала ауданындағы «SAMGAU» коворкинг орталығында журналистер күніне арналған шара өтті. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Арсен Баяндықов, сала басшылары мен «Екпін» газетінде қызмет еткен ардагерлер қатысты.
«Намыс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шарада алдымен «Екпін» газетінің кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін бейнебаян көрсетілді. Кезінде аталмыш редакцияда еңбек еткен ардагер журналист Энгельс Шыңғали мен «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ бейнебаян арқылы құттықтауларын жеткізді.
– Ақпарат ағыны үстемдік етіп тұрған бүгінгі өмірімізді радио, телеарна, газет және басқа да электронды құралдарсыз еш елестете алмаймыз. Медиа кеңістікте ғана емес, өркениет көшіне бет алған даму тіршілігімізде БАҚ-тың айрықша орын алатынын ешкім де теріске шығара алмайды. Оның жалпы қоғамдағы биік құндылықтарды қалыптастырып, өркендету жолындағы негізгі құрал екенін күллі әлем мойындап отыр. Қашан да мазасыз және маңызды қызметтеріңізді атқара жүріп, қайнаған ортадан табылып, қоғамның ең өткір, ең өзекті сауалдарына жауап табуға тырысып, үнемі ізденіс үстінде жүресіздер. Өз кәсібіне адалдық, айқын азаматтық көзқарас, жаңашылдыққа ұмтылыс, міне, осындай қасиеттер қалам, сөз ұстаған қауымды өзге мамандық иелерінен даралап тұрады. Сондықтан сіздердің келіп жеткен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деген аудан әкімінің міндетін атқарушы Арсен Толқынұлы, «Екпін» редакциясының фототілшісі Шынтемір Қадыровқа алғысхат табыстады.
Шара барысында әртүрлі мекеме басшылары редакция ұжымындағы Гүлнар Қадырова, Әсемгүл Аманова, Болатбек Сапарғалиев және есепші Жұмағаным Жексенғалиеваларды құттықтап, алғысхаттарымен бірге естелік сыйлықтарын табыс етті. Марапаттау кезінде аудандық мәдениет үйінің майталмандары өз өнерлерін ортаға салып, шараның көркін қыздырды.
Шынтемір Қадыров
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz