Амангелді ауылдық округінде ардагер ұстаз Тельман Машировтың 80 жас мерейтойына орай дзюдодан жасөспірімдер арасында аудандық ашық біріншілік ұйымдастырылды.

Шараның басты мақсаты – өзінің өмірін спортқа арнап, шәкірттерінің жүрегінде ізі қалған, көптеген жылдар бойы жастарды шыншылдыққа, ізгілікке, ұжымдық рух пен табандылыққа тәрбиелеген ардагер ұстазға деген құрметті көрсету. Жас ұрпақтың бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру болатын. Бұл, саналы ғұмырын спорт саласына арнаған Тельман Машировтың тек жетістіктерімен ғана емес, сондай-ақ сан мыңдаған жас ұрпақты тәрбиелеудегі педагогикалық еңбегімен де ерекшеленеді. Білікті ұстаздың шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жетістіктерге жетіп, ардақты ұстаздың есімін жоғары бағалап жүр.

Мерекелік турнирдің ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан, ауданның спорт ардагерлері мен шәкірттері мен спорт сүйер қауым қатысты. - Бұл турнирдің ұйымдастырылуы біз үшін зор мәнге ие. Тельман Маширов ағамыздың еңбек жолы мен қайраткерлік қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ. Ол тек спортшы ғана емес, ең бастысы, ұрпақ тәрбиелеуде өзінің шеберлігін дәлелдеген жан, — деп атап өткен Мұхтар Таңатжан аудан әкімі Талғат Шакировтың атынан алғыс хат табыстаса, шәкіртері иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жарысқа Бәйтерек, Теректі, Шыңғырлау ауданы мен қатар Тасқала ауданының командалары, соның ішінде Амангелді, Ақтау, Мерей, Оян ауылдарының жасөспірімдері қатысып жекпе- жектен бақ сынады. Нәтижесінде, 2014-2015 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында 18 келі салмақта тасқалалық И. Слямгалиев жүлделі І орынды жеңіп алса, 20 келі салмақта да тасқалалық Ш. Мұсагалиев жүлделі І орынға табан тіреді. Ал, 22 келі салмақта жүлделі бірінші орынды оралдық И. Ғабдел жеңіп алды. 24 келі салмақ дәрежесінде І орын теректілік Н. Амангелдіге бұйырса, 26 келі салмақта да теректілік С.Мұратов І орынға жайғасты. Ал, 29 келіде жүлделі І орын тағы да теректілік А.Әділгерейге бұйырды. 32 келіде Амангелді ауылының спортшысы Д. Жалмұханов, 35 келі салмақта тасқалалық Е. Қайыржан І орынға табан тіреп, аудан намысын қорғаса 38 келіде І орын теректілік Н. Каленге бұйырды. Ал, 42 келіде теректілік С.Төлеп, 46 келіде амангелділік А.Нұржанов І орынға жайғасса. +46 келіден жоғары салмақта теректілік С.Ерсайын І орынды еншіледі.

2011-2013 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында теректілік Н.Жұмағали 46 келіде І орынды жеңіп алса, 50 келі салмақта тасқалалық Ж. Нигметов І орынға табан тіреді. 55 және 60 келі салмақта бақ сынаған амангелділік А. Талап, пен Е. Ақжігітке І орын бұйырса, 66 келі салмақта тасқалалық М. Дәулетжан мен 70 келіде теректілік Зинғалым жеңімпаз атанды.
Барлық жеңімпаздарға арнайы медаль мен алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы