Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев Тасқала ауданында болды.
Алдымен Мұхтар Наурызбайұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіпкерлермен кездесті. Аудан әкімі А.Халеловтың төрағалығымен өткен жиынға сала басшылары мен округ әкімдері қатысты. Жиын барысында сөз алған Алдияр Сансызбайұлы аудан бойынша кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар облыс бойынша алғаш рет Тасқала ауданында іске қосылғалы отырған инвестициялық картаның да маңыздылығына тоқталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді атап өтті. Сондай-ақ «Даму» АҚ-ның және қаржылылық институттардың өкілдері мемлекеттік қолдаудың тетіктері туралы жиналғандарға кеңінен түсіндірді. Кездесуде «Taskala.smartmap.kz» интерактивті инвестициялық картаның тұсауы кесілді. Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба да Тасқала ауданының инвестициялық әлеуеті көрініс тапқан. Инвестициялық карта жеке интернет-ресурс ретінде жұмыс істейді. Яғни, кез келген әлеуетті инвестор ғаламтор арқылы аудан аумағында не болмаса өзге әкімшілік аумақта, сондай-ақ басқа елде тұрса да, аудан аумағындағы бос жерлерді, инвестициялық жобаларды және тағы басқа мәліметтерді карта арқылы көре алады.
Жиын соңында М.Манкеев кәсіпкерлерді жеке қабылдап, көкейінде жүрген сұрақтарына толық қанды жауап берді. Содан соң аудан орталығында жуырда ашылған «Әлем» супермеркеті мен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «BKO Taskala Et» ЖШС-ның мал бордақылау алаңында, Асқар Ликеров жетекшілік ететін «Арғымақ» шаруа қожалығында болып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Болат Бек
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер