10.05.2018, 17:23
Оқылды: 99

Тасқалада «Ит төресі – тазы» атты шара ұйымдастырылды

тазы2Халқымыздың  әуелден-ақ «еттің бәрі – қазы емес, иттің бәрі – тазы емес» дегенін естіп жүрміз. Алайда жеті қазынаның қатарына кірген иттің ішінде қазақы тазылардың қандай ерекшелігі бар? Бұл сауалдарға аудан төрінде өткен «Ит төресі – тазы» атты шара дөп келеді. 

Естеріңізге салсақ, өткен жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша тазылар тартысы аудан күнінде ұйымдастырылса, кейін олардың далалық сынағы өткен еді. Ал бұл жолғы шараға аудан әкімдігі мен «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті. Облыс деңгейінде өткен сайысқа 20 шақты итбегі келіп 35 тазы бақ сынады.

Шараны ұйымдастырушы Р.Сатыбалдиевтің айтуынша, ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында өткізілген сайысқа уақыт өткен сайын белсенділік танытқандар қатары көбеюде.

-«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған шара халқымыздың төл өнерін насихаттауды мақсат тұтты. Өткен жолға қарағанда бүгінде қатысушылар саны көбірек. Жалпы құмай тазыны асырап, баптап жүрген жандар өзара тығыз араласып, иттердің тұқымын жақсартуға бір-біріне көмек беріп жүр. Осындай шарада бас қосқан итбегілер өзара  тазының көп сырын сұрап-білісіп қайтады,- деді.

Сайысқа қатысқан үміткерлердің айтуынша, ұлттық құндылығымызды сақтау үшін оны қазақы ит тұқымы ретінде халықаралық деңгейде мойындату керек. Бұл ретте қазақы тазылар санын мыңға жеткізіп, арнайы рейстерге тіркеу қажет. Теректі ауданынан келген Н.Қайыровтың сөзіне сүйенсек, құмай тазылардың алғырлығы – олардың ерекше қасиеті.

- Бүгін сайысқа алып келген тазыны кезінде Оңтүстік Қазақстан облысынан алдырғанмын. Өзім тұқымы таза тазыларды қосуға тырысамын, сондықтан жан-жақтан сұрастыра жүремін. Нағыз құмай тазылар жүйрік және алғыр болып келеді. Өзім баптаған тазы сағатына 80 шақырымды артта қалдырады. Қоян, түлкіге қосып отырамын. Тобымен шықса, қасқырды да алады,- дейді теректілік итбегі.

Сайыс барысында салпаң құлақтылардың түр-тұлғасы мен тазалығына баса мән берілді. Олардың тісі мен тырнағы, аяқ сүйектері мен жүрісіне де назар аударылды. Бұл жолы бақ сынасқан 35 аңшы иттің 15 таза қанды құмай тазы болып шықты. Шымкент қаласынан арнайы шақырылған сыншылардың айтуынша, алаңға жиналған тазылардың 60 пайыз  шамасындағылары таза тұқымды болып келсе, тағы 20 пайызы әлі де құмай тазыларды алуға мүмкіндік береді. Ол үшін тұқымы жақсы иттерді қосып, баптап қарау жағына жағдай жасау қажет.

Бұл күні бабы мен бағы қатар шапқан оралдық Ө.Дараков, А.Төлеуов пен С.Қажығалиевтің тазылары және Қаратөбе, Зеленов аудандарынан келген А.Асемов, А.Жұмағазиевтің салпаң құлақтары үздік деп танылды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале