Жуырда «Жастар» стадионында «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық айлығы өтті. Акция аясындағы жәрмеңкеге аудан әкімдігі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымыздан, әр ауылдық округтен мүмкіндігі шектеулі жандар келіп, өз қолөнерлері мен дайындаған тәтті тағамдарын алып келді. Шараны аудан әкімі Алдияр Халелов ашты.
Қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысқан азаматтарға аудан әкімі атынан алғысхат табысталды. Шараға білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова, аудандық методикалық-психологиялық түзету кабинетінің меңгерушісі Найля Сахмеденова, «ТасқалаАққу» ЖШС директоры Қуан Тасқалиев, «Арай» шаруа қожалығының қожайыны Жарас Жамансариев демеушілік етті.
Керемет шарада мүмкіндігі шектеулі жандар мен келген қонақтар ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңіл күйде болды.
– Мұндай шаралар жылма-жыл болып тұрады. Бірақ осы айлық бізге ерекше өткен секілді. Ашық алаңда, ерекше жандарға арналып осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса, олар да қуанар еді. Өйткені осындай дүниелердің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңызы зор. Қолдары жаттығады, өздеріне керек нәрселерін үйренеді. Әлеуметтік қызмет көрсететін адамдармен бірлесіп жасайды. Қандай тапсырма болмасын белсенді, қызығушылықпен қатысады, – дейді үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің консультанты Нұрсауле Абылайқызы.
II Шежіндік II топ мүгедегі Гүлжан Қанабаева керемет қолөнер туындысын алып келген екен. Кәрі жіліктен жасалған бұйымдары береке, бақыт, байлық деген жобаның құрылысы.
– Өзімнің «Үкі» атты жеке шеберханам бар. Мысалы, алтын кесе 13 кәрі жілік, 13 асықтан жасалған. Қазақта 13 санын мүшел жас, ерекше сан дейді. Екінші бұйым – алтын қасық. Ол моншақтармен безендірілген алтын асыққа тіреулі тұр. «Ұрпағымыз аман болсын» деген ниеттен туған дүние. Қазақ аталарымыз: «Қызың туса – алтын қасықтай болсын, ұлың туса – алтын асықтай болсын» дейді. Қартайғанда бізді қарайтын ұл-қызымыз болсын деген ниетпен жасалған туынды, – дейді Гүлжан Дмитриқызы.
Шара соңы қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстау рәсіміне ұласты.
Адам өміріндегі ең игі ұлы істердің бірі – қамқорлық көрсету, қайырымдылық жасау. Хал-қымыздың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік болып саналатыны айқын. Көп болып асыл армандарына қол созған жандарға қолдау көрсетіп, қолымыздан келген көмегімізді аямайық.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz