Тасқала ауданы, Шежін ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен Назаров Абубакар Назарғалиұлының туғанына 100 жыл толуына орай еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Талғат Шакиров арнайы қатысып, турнирге жиналған командалар мен көрермендерге жүрекжарды лебізін жеткізді. «Ауданымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан атамыздың есімін ұлықтау әрқайсымыздың борышымыз. Бүгінгі еске алу турнирі сол кісінің ерлігі мен еңбегіне деген құрметтің жарқын көрінісі. Осындай игі бастамалар жиі ұйымдастырылып, жалғасын табуы керек. Барша командаларға сәттілік, әділ ойын тілеймін», - деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Тасқала ауданның Құрметті азаматы Табылғали Сапаров пен марқұм ардагердің қызы Айғаным Әбубакарқызы да сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

Осындай турнирдің ұйымдастырылуы жастарды тәрбиелеудегі рөлін атап өтіп, ұйымдастырушыларға және демеушілерге алғыстарын білдірді.

Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестіктерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Футбол турниріне аудан аумағынан келген сегіз команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, әрқайсысы өз шеберліктерін ортаға салып, көрермендерге тартысты әрі қызықты ойын өрнегін көрсетті. Бірінші топта Тасқала, Мерей, Тұлпар, Шежін командалары өнер көрсетсе, екінші топта Ақтау, Достық, Мереке, Ветеринария командалары тартысты ойындарымен көрермендерді тәнті етті. Топтық кезеңнен үздік шыққан екі команда келесі кезеңге жолдама алып, жартылай финалда бақ сынасты. Финалдық кездесуге дейінгі жол оңай болған жоқ, әр команда жеңіске деген жігерін танытып, жанкүйерлердің ыстық қолдауына ие болды.
Нәтижесінде шешуші ойында жоғары деңгейлі шеберлік пен ұйымшылдық танытқан Шежін командасы қарсыластарын шаң қаптырып, турнирдің жеңімпазы атанды. Олар бірінші орынмен қоса, 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Финалдық бәсекеде есе жіберген Тасқала командасы екінші орын мен 70 мың теңге жүлдені қанжығасына байлады. Ал, Мереке командасы үшінші орынға табан тіреп, 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ, алаңның үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларда марапаттарға ие болды.

Тасқалалық Инсар Исқалиев «Үздік қақпашы» атанса, мерейлік Жангирхан Магзомов «Үздік қорғаушы» болды. «Үздік ойыншы» аталымына шежіндік Алишер Өтешқалиев ие болды. Турнирдің «Үздік шабуылшысы» жүлдесіне тасқалылық Елдос Тапалов лайық деп танылды. Аталған аталым иелеріне әрқайсына 5 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар, «Үздік сұрмерген» атағына ие болған Ветеринария командасының ойыншысы Ерланға Тұрдықұловқа ұйымдастырушылар теледидар тарту етті.
Болат Бек,
Тасқала ауданы