Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов Тасқала ауданында болып, жергілікті қожалық басшылары және кәсіпкерлермен кездесті.
Бас қосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыты мал және егін шаруашылығы екені атап өткен аудан әкімі Алдияр Халелов ауданда шешілмей келе жатқан бірқатар мәселеге тоқталды.
Аудан орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мен ауылшаруашылығының өркендеуі жолында облыста көш соңында екені шымбайға батса да шындық. Оның ішінде мал өсіруде құлашты кеңге жаюға мүмкіндік мол болғанымен, әлі қанат жайып кете алмай жатқан қожалықтар аз емес.
Тасқаладағы жағымды жаңалықтың бірі - «Болашақ» шаруа қожалығында 5000 бас ірі қара малына бордақылау алаңы салынатын болады. Сондай-ақ «Аманат» ШҚ басшысы Санжарбек Сағынов аудан орталығынан жалпы сыйымдылығы 2000-ды құрайтын құс фермасын ашуды көздеп отыр. Жобаның құны - 17 млн теңге. Күні бүгін салынатын цехтың жері анықталуда.
-Жалпы аудандағы кәсіпкерлік саласының ет пен сүт өнімі бағыты кең өріс жаюда. Ал басқа мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда артта қалып келеміз. Құс ұстаймыз дегендерге де.мүмкіндік мол. Осы бағыттағы екі жоба облысқа жіберілді. Сондай-ақ суармалы жер қоймаларын салу жайы да назардан тыс қалмақ емес. Былтыр Орал-Тасқала-РФ жолының күрделі жөндеуі аяқталғанынан көпшілік құлағдар. Бізге енді инфрақұрылымды жақсартып, жол сервисін дамыту жоспарын құру керек,-деді аудан әкімі.
Тұрсын Тек,
Тасқала ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер