27.10.2020, 12:49
Оқылды: 42

Тасқалада медиация мәселесі талқыланды

Жуырда «Самғау» коворкинг орталығында облыстық «Татуласу» орталығының өкілдері, қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері, қоғамдық медиаторлар, ауылдық округ әкімдері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті.

Медиация

Онда алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Шәкіров, ауданда 11 қоғамдық медиатор тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын, медиаторларға түсіп жатқан істің саны аз болғандықтан, қаралатын мәселелердің көлемі де шағын екенін тілге тиек ете келіп, облыстық «Татуласу орталығының» маман­дарының бұл басқосуға арнайы келуі – түйінді мәселенің шешілуіне ұйытқы болары сөзсіз екенін айтты.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде:

– Аудандағы медиаторлардың жұмысын алға жылжыту бағы­тында нақты ұсыныс пікірлерді талдап, оны іске асыру жолын қарастыруымыз керек. Жалпы, қазіргі таңда медиацияның алар орны өте маңызды. Ол сотқа дейінгі істердің тиімді жолмен шешілуін барынша жеңілдетеді. Алдағы уақытта қоғамдық медиаторлар жұмыс барысын тиімді пайдаланып, медиация арқылы барлық істі оңтайлы шешсе дейміз, – деген ұсынысын ортаға салды.

Өңірлердегі медиация институтын дамыту жайлы облыстық «Татуласу» орталығының директоры Алуа Ракишева баяндаса, мақсаттары мен принциптері төңірегінде облыстық «Татуласу орталығының» қоғамдық медиаторы Ұ.Нұрмаханова айтып өтті. Орал қаласы Зашаған кентінің қоғамдық медиаторы Қ.Жақсығұлова, қоғамдық келісім кеңесі мен әлеуметтік бастамалар бөлімінің басшысы Б.Бержанов та өз ойымен бөлісті.

Аудандық соттың бас маманы Мәншүк Темірғалиева да атқарылған жұмыстар жайына тоқталып, полиция бөлімінің аға тергеушісі М.Нұғманов тақырыпқа қатысты пікірін ортаға салды.

 Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале