Тасқала ауданы бойынша Ақтау, Мереке, Мерей және Атамекен ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар Ақтау ауылдық округіндегі жалпы орта білім беретін мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Мектебіміз бен дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. «Аяла» ЖШС жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстары осы айдың 13-інде қарқын алған болатын. Қазіргі таңда монтаждау қызметі жүргізілуде. Негізінен, жалпы орта білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталуы керек еді. Осы орайда аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы жаңа оқу жылына дейін аяқтауға ұсыныс жасады. Күрделі жөндеу жұмыстарына қабылданған 15 адам осы ауылдың тұрғындары. Дәрігерлік амбулаторияға «Өркен» ЖШС жөндеу жүргізуде, 19 адам жұмыспен қамтылған. Соның алтауы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданса, қалғандары қосымша жұмыс көлеміне байланысты қызметке тартылды. Егер мердігерлер жұмысшы қолы қажет десе, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартуға дайынбыз, – дейді Ақтау ауылдық округі әкімі Нұрсейіт Белгин. – Өзім осы ауылдың тұрғынымын. Негізінен Ақсай қаласында, кейде Мәскеуге барып жұмыс жасап жүргенбіз. Қазіргі таңда карантинге байланысты ауылда қалдық. Жұмыссыз едік. Мамыр айының басында ауылымыздағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі дегенді естіп қуандық. Ауылдық жерде жұмыссыз жатқан біз үшін екі қолға бір күрек табылды деп кірісіп кеттік. Жұмыс ауыр емес. Үйреншікті шаруа болғасын ба, қиындығын сезінбедік, – дейді ақтаулық Жанарбек Сүндетов.
Мереке ауылының күрделі жөндеу жұмыстарының қарқыны да осындай.
– Бұйырса, бір айдың көлемінде жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Бастағанымызға үш күн болды. Әзірге ескі заттарды шығару жұмыстарымен айналысудамыз. Негізінен, жөндеу жұмыстарына ауылымыздың тұрғындарын тарттық. Қазіргі таңда 12 адам жұмыс жасап жатыр. Төбесі мен едендері ауыстырылады. Есік пен терезелері де жаңартылатын болады. Жалпы айтқанда, толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді Мереке ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы тобының бригадирі Әлжан Сүндетов.
Темірболат Әнуарұлы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz