24.10.2025, 0:00
Оқылды: 98

Тасқалада облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының концерт залында «Тәуелсіздік тағылымы: Тарихқа тағзым, болашаққа бағдар» деген атаумен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
image-23-10-25-09-50-1
Шара Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімізді саралап, ұлт тарихының тағылымды тұстарын ұрпақ санасына сіңіру, жас буынды елдік рухта тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына тарих ғылымының, білім мен мәдениет саласының өкілдері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешов жүргізді. Басқосуға танымал тарих ғылымдарының кондидаты, Батыс Қазақстан университетінің ұстазы, «Құрмет» орденінің иегері, танымал тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, PhD доктор, Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінің ұстазы, қауымдастырылған профессор, кәсіби-археолог  Мұрат Қалменов, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин, «Сәулет» мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, тарих ғылымдарының магистрі Еламан Мәсел сынды спикерлер қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
image-23-10-25-09-50-3
Алғашқы болып сөз алған спикер Жаңабек Жаңабайұлы «Тәуелсіздік қазаққа не берді?» тақырыбында баяндама жасады. Ол тәуелсіздік ұғымының қазақ халқы үшін  қастерлі екенін атап өтті. «Тәуелсіздік  бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жолда талай ата-бабамыздың қаны төгілді, арманы мен азабы тоғысты. Әбілхайыр ханнан бастап, кешегі Дінмұхамед Қонаевқа дейінгі ел тұлғаларының бар арманы азат ел болу еді. Бізді кеңестік кезеңде кей тұста бұрмаланып оқытты. Мәселен, Әбілхайыр хан өз еркімен бодан болған жоқ, ол ел мүддесі үшін күресті. Демек, азаттық идеясы Сырым Датұлы дәуірінен де бұрын басталған»,-деген спикер бүгінгі ұрпақтың егемендік пен ел бірлігінің маңызын терең түсіну қажеттігін атап өтті.
        Келесі кезекте сөз алған спикер Мұрат Дабылұлы «Қазақстанның Батыс өңіріндегі ортағасырлық қала мәдениетінің ескерткіштері» тақырыбында құнды ақпараттарымен бөлісіп, ел тарихын зерттеу мен сақтау ісінің ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
Одан әрі сөз алған спикер Самат Бақытжанұлы «Қазақ мемлекеті тәуелсіздігінің тарихи белестері» тақырыбындағы баяндамасында егемендікке дейінгі күрес жолдарын, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдерін жан-жақты саралады. Ол тыңдаушыларға тарихи деректерге сүйене отырып, мемлекет дамуының негізгі кезеңдері туралы  мағлұмат ұсынды.
Жерлесіміз Еламан Нұрболатұлы «Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жетістіктері» тақырыбында сөз сөйлеп, егемендік жылдарындағы ел дамуындағы маңызды сәттерге тоқталды. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін оңай болған жоқ. Экономика дағдарысқа ұшырап, жаңа жүйеге бейімделу қиынға соқты. Дегенмен, халқымыздың сабыры мен бірлігі арқасында бұл сыннан сүрінбей өттік. Бүгінде Қазақстан саяси, әлеуметтік және рухани тұрғыдан кемел мемлекетке айналды»,-деді ол.
image-23-10-25-09-50-2
Конференция соңында аудан әкімінің орынбасары Әли Сағадатұлы басқосуда айтылған әрбір пікір мен ой еліміздің рухани жаңғыруына, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосарын алға тартып, спикерлерге алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық арманының орындалуы, азат ойдың және еркін елдіктің символы. Осыдан отыз бес жыл бұрын еліміз өз тағдырын өзі айқындайтын жаңа дәуірге қадам басты. Бүгінгі конференция – сол тарихи жолды бағамдап, егемен елдің жетістіктерін саралап, жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруға бағытталған маңызды басқосу болды.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале