29.01.2020, 18:16
Оқылды: 22

Тасқалада табысты іс те, түйткілді мәселе де бар

 

Халықтың тұрмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Өйткені, осыдан бірнеше жыл бұрын шешілмейтіндей көрінген мәселелер бүгінде өз нәтижесін беруде. Ауылдарды абаттандыру мен жарықтандыру мәселелері де оң шешімін таба бастады. Оған біз Тасқала ауданыдағы ауылдық округ әкімдерінің есептік кездесулерінде көз жеткіздік. Атамекен ауылдық округінен басталған есептік кездесулер Амангелді, Оян, Ақтау, II Шежін, Мереке, Мерей, Достық және Тасқала ауылдық округтерінде жалғасты.

Тұрғындар алдындағы есептік кездесуге аудан әкімі Алдияр Халелов, аудандық мәслихат хатшысы Сансызбай Рахимов және сала басшылары қатысты.

tasqala atameken

Атамекен ауылдық округінде сөз алған Ж.Тұрымбетов пен Н.Сисекешева округ әкімінің жыл бойғы жұмысына қанағаттанарлық деген баға бере отырып, бірі жол мәселесін көтерсе, енді бірі ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жұмысы қажеттігін айтты. Ал Амангелді ауылдық округі тұрғындары ауылға банкомат қою, поштадағы кезек, мал жаятын жердің жетіспейтіндігі және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келетін мамандарға жаңа үй салу мәселелерін көтерді. Мұнда жүн-тері өңдейтін немесе қабылдайтын цехтардың жоқтығы да әкімдер назарына берілді. Оян ауылдық округінде аудан әкімі Алдияр Халелов жекенің малын бақтыру жайын қозғап, игерілмей жатқан бос жерлерден шаруа қожалықтарын ашып, елге қызмет жасаймын деген жігіттер болса, көмектесуге әзір екендігін білдірді.

tasqala aqtau

 Ақтау округіндегі есептік кездесудің бір ерекшелігі ешкім жеке шаруасымен шағымданбады. Қайта олардың үлкен-кішісі бірауыздан мұндағы білім ошағы көп жылдан бері жөндеу көрмей тұрғандығына, бөгеттерді қайта қалпына келтіру керектігіне тоқталып, бұл өтініштері аяқсыз қалмауын сұрады.

tasqala mereke

 Мерекеліктерді ірі қара малынан шыққан «сарып» ауруы алаңдатып отырғаны байқалса, ІІ Шежін ауылында кіре беріс қақпаға жаңадан арка орнату, ауыл ортасына жазғы саябақ жасақтап, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Жеңіс» саябағын жөндеу жұмыстарын қолға алу міндеті тұрғанын аңғардық.

tasqala dostyq

Достық ауылдық округінде жыр болған газ мәселесі биыл тағы да көтерілсе, кейбір тұрғындар өздері пайдаланған көгілдір отынға төленетін қаражатты аудандық газ учаскесінің қызметкерлері дұрыс есептемейтіндігіне наразылықтарын білдірді. Бұдан басқа бұл ауылда техникалық су мен күре жолдан ауылға дейінгі екі шақырым жол мәселесі сөз болып, ауылдық әкім аппараты ғимараты жөндеуге сұранып тұрғандығы баса айтылды.

tasqala

 Есептік жиынның нүктесі Мерей ауылдық округінде қойылды. Аудандағы ең үздік ауыл деп танылған бұл ауылда айтарлықтай мәселе қозғалмады. Өйткені, мұнда тұрғындардың жағдайы жақсы. Бәрі де мал ұстап, шағын кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Әрі Мерей аудандағы мешіті бар жалғыз округ. Жиналағандар ауылдағы игі істердің атқарылуына мұрындық болып жүрген жас әкімнің жұмысына өз ризашылықтарын да жасырмады.

Темірболат Тоқмамбетов,

Назгүл Жәрдемова,

 Әсемгүл Аманова,

 Болатбек Сапарғалиев

суреттерді түсірген Шынтемір Қадыров

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале