Тасқалада аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің 9 айлық жұмыстарын қорытындылаған кеңесі өтті. Жиынға БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Н.Таубеков төрағалық етті.
Күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және №13 өрт сөндіру бөлімінің қызметтік-әскери тәртіптің жай-күйі қаралды. Сондай-ақ ауданның қысқы мезгілге дайындығы тілге тиек болды.
Жаз мезгіліндегі өрт қаупі мен қыс кезінде кездесетін мәселелер көтерілді. Әсіресе жиынға қатысқан ауылдық округ әкімдері төтенше жағдайлар орын алғанда қолданатын әдістерімен бөлісті.
-Біздегі негізгі проблема өрт пайда болған жағдайда сөндіруге баратын адам таба алмаймыз. Сол баяғы әкім аппараты мен мектеп мұғалімдері, күзетшілер мен кіші қызметкерлер. Өрт сөндіру – үлкен жауапкершілік. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер бір адам сол жерде жазым болатын болса әкімдер басымызбен жауап беретін боламыз. Сондықтан өрт сөндіруге баратын жандарға қосымша ақы тағайындаудың жолын қарастырсақ. Себебі материалдық көмек оларға да жұмысқа деген ынтасын арттыруда қолғабыс болмақ,- деді округ әкімдері.
Негізінен жыл басталғалы 10 мәрте өрт оқиғасы орын алған. Ал даланың құрғақ шөбінің жануы 18-ге жеткен. Ендігі кезекте биылғы 4-тоқсанға бөлім жұмысының жоспарын тиянақты орындау міндеті қойылып отыр.
Әсемгүл БЕКЕШЕВА,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!