3.03.2026, 12:45
Оқылды: 5

Тасқалада «Ұлт болашағы – аналар қолында» атты аудандық аналар форумы өтті  

 

Қ.Сәтбаев атындағы мектеп гимназиясында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлт болашағы – аналар қолында» атты аудандық аналар форумы жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі саналатын аналардың қоғамдағы орны мен мәртебесін ұлықтау, олардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, отбасы құндылықтарын дәріптеу болатын.

Ұлт болашығы (5)

Форумға ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Мұхамбеткалиева, ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Людмила Тастембекова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, сондай-ақ сала ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен ақ жаулықты аналар қатысты.

Шара барысында сөз алған Думан Ғазез аналардың қоғам өміріндегі айрықша рөліне кеңінен тоқталды.

– Бүгінгі басқосу – ұлт руханиятының өзегіне айналған асыл жандарға деген шынайы құрметтің айғағы. «Ұлт болашағы – аналар» деп бекер айтылмаған. Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының жүрегі, қоғамның шырағы. Сіздер барда шаңырақтың шамы сөнбейді, береке мен бірлік ортаймайды. Әрбір жетістікке жеткен азаматтың артында мейірімі мен тәрбиесін аямаған аяулы ана тұрады. Сондықтан ананың еңбегі – өлшеусіз, махаббаты – шексіз, мейірімі – мәңгілік.Сіздер ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тіліміз бен дәстүріміздің тамырын тереңге жайып келесіздер. Болашақтың баянды болуы – сіздердің даналықтарыңыз бен сабырлылықтарыңызға тікелей байланысты. Мемлекет үшін отбасы – берік қоғамның негізі, ал отбасының алтын діңгегі – Ана. Сондықтан аналарды қолдау, олардың мәртебесін арттыру – қашанда басты назарда. Ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет, – деді бөлім басшысы.

Ұлт болашығы (2)

Форум аясында мектеп өміріне белсене араласып, білім мен тәрбие ісіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар белсенді аналар мен түрлі сала мамандары марапатталды. Олардың қатарында өндіріс пен кәсіпкерлік, мәдениет пен білім, мемлекеттік қызмет саласында табысты еңбек етіп жүрген жандар бар. Бұл марапат – тек еңбектің өтеуі ғана емес, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық ізгі жолдың айғағы.

Ұлт болашығы (3) (1)

Форумның негізгі бөлімінде мазмұнды панельдік талқылау ұйымдастырылып, түрлі сала өкілдері өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Ардагер ұстаз Күнайым Гиметдинова «Дәстүрлі ана тәрбиесі: өткеннен өнеге» тақырыбында баяндама жасап, қазақ халқының тәрбиелік дәстүріндегі ананың орнына кеңінен тоқталды. Ол ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заман талабына сай тәрбие берудің маңызын атап өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Серікбайқызы «Мемлекеттік қызмет пен ана жауапкершілігі: тепе-теңдік табу жолы» тақырыбында сөз сөйлеп, қызмет пен отбасы арасындағы үйлесімділікті сақтаудың қыр-сырымен бөлісті. Оның айтуынша, әйел-ананың табандылығы мен парасаты қоғам дамуына да оң ықпал етеді.

«Бақытты жанұя» тақырыбында ой қозғаған жас ана Айнаш Ахметова отбасы татулығы мен өзара сыйластықтың маңызын ерекше атап өтті. Шара барысында оның қызы Айнамкөз Жанболат «Аққу» биін билеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жанар Джумалиева «Құндылықтар жүйесі – сапалы білім мен тәрбиенің негізі» тақырыбында баяндама жасап, білім мазмұны ұлттық және адамзаттық құндылықтармен сабақтасқанда ғана нәтижелі болатынын жеткізді.

Ұлт болашығы (4)

«Айжұлдыз» би студиясының директоры, «Қиялдан» би ансамблінің жетекшісі Маягүл Сариева отбасы мен шығармашылық арасындағы тепе-теңдікті сақтау жайында ой бөлісті. Ал жас кәсіпкер әрі блогер Шарипа Базарбаева әлеуметтік желідегі аналардың рөлі мен жауапкершілігі туралы пікірін білдіріп, блогер тек ақпарат таратушы емес, тәрбиенің насихаттаушысы болуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Форум қорытындысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова аналардың ұлт болашағын қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегіне алғыс білдірді.

Кеш соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпазы Думан Беккалиев «Ана» әнін орындап, жиылған қауымға ерекше рухани әсер сыйлады.

Шара барысында қатысушылар арасында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, еркін пікір алмасу өтті. Әсіресе жас бойжеткендер тағылымды кештен терең әсер алып, ананың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі жайында ой түйді.

«Ұлт болашағы – аналар қолында» атты форум – ана еңбегін ардақтап, ұлттық тәрбиенің тамырын тереңдетуге бағытталған мазмұнды әрі мәні зор басқосу болды. Ананың мейірімі мен парасаты салтанат құрған жерде ұлттың да болашағы жарқын болары анық.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале