9.12.2024, 21:00
Оқылды: 54

Тасқалада ұлттық спорт ұлықталып, асау үйретуден жарыс өтті

Тасқала ауданы Кеңжайлау елдімекенінде ұлттық спорттың ерекше түрлерінен өткен жарыс қазақ халқының рухани мәдениетін, батырлық дәстүрін қайта жандандырып, жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуге зор ықпал етті. Бұл шара облыстық «Асау үйрету» және аудандық «Жайлау-қазына» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылды.

асау үйрету

Жарыс мақсаты — ұлттық ат спорты түрлерін насихаттау, ұлтты біріктіретін дәстүрлерді ұлықтау және адамгершілік пен патриотизмді жастардың бойына сіңіру болды.
Жарыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева барлық қатысушыларды дәстүрлі доданың басталуымен құттықтап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Ұлттық спорттың қазіргі заманғы қоғам үшін маңызы жоғары екенін атап өтіп, оның ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды рөлін сөз етті. Ұлттық спорттың дамуы мен еліміздегі жастар арасында көкпар секілді ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығын алға тартты. Сонымен қатар, ауданымыздың абыройын асқақтатып, облыстық жарыстарда жетістіктерге жетіп жүрген Қайырбек Сағындықов жетекшілік ететін «Найзатас» көкпар командасының мүшелерін марапаттады.
Бұл ашық біріншілікке 5 жыл қатарынан демеушілік жасап келе жатқан «Бесата» шаруа қожалығының басшысы Тұрарбек Есқалиевте ұлттық спортқа қосқан үлесі үшін көпшіліктің алғысына бөленді. Ол жыл сайын аудан көлеміндегі өтетін шараларды қолдап, ұйымдастыруға демеушілік жасап келеді. Тұрарбек Мажитұлының арқасында бұл шаралар тек спорттық жарыс қана емес, жастар үшін нағыз тәрбие алаңы мен ұлттық құндылықтарды таныту алаңына айналды.

асау үйретуу
Жарыстың ең тартысты кезеңдерінің бірі — «Асау үйрету» болды. Бұл ұлттық ат спортының ерекше түрі, онда аттарды үйрету мен баптау ғана емес, аттың еркіндігі мен батылдығы сынға түседі. Биыл Қазталов ауданының «Әбіш» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жеңіс олардың ат баптаудағы жоғары шеберлігін көрсетті. Сырым ауданының командасы екінші орынға табан тіреді. Ал Кеңжайлау ауылының командасы үшінші орынды иеленді. Бұл жарыс жай ғана бәсеке емес, қазақтың атпен бірге өсіп-өркендеген бай дәстүрінің белгісі ретінде мәнге ие.

Аударыспақтан өткен жарыс та ерекше тартысқа толы болды. 70 келіге дейінгі салмақта сырымдық Нұршат Нариман жеңімпаз атанды. Оның қарсыластары да жеңіске барын салды, бірақ Нариманның күш-жігері мен айла-тәсілдері жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Ал 70+ келі салмақта да сырымдық Нұрсұлтан Өтепов бірінші орынға шықты, бұл да оның осы спорт түріндегі айқын шеберлігін дәлелдеді.
Құмай тазы жарысы да көптің қызығушылығын оятты. Амангелділік Қуаныш Дүйсенғалидың Қарасай атты тазысы жарыстың жеңімпазы атанды. Бұл жарыс қазақтың ежелден келе жатқан аңшылық дәстүрін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын. Тазының жылдамдығы, ақылдығы мен ептілігі қатысушылардың қызығушылығын оятып, дәстүрлі аңшылықтың жаңа қырын көрсетті.
Сонымен қатар, жаппай көкпар жарысы да ерекше қызығушылық тудырды. Мұнда ауыл азаматтары күш-жігерін салып, командалық рухпен жарысып, қазандыққа қой салған қатысушыларға ақшаларын атты. Бұл көкпар бәсекесі қазақтың батырлық рухын, ұлттың ортақ мақсат үшін бірігуін көрінісі болды. Әрбір қатысушы өз мақсатына жету үшін бар күшін салып, қолдаушыларына асқақ рух сыйлады.

асау үйретууу
Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпаздарын алғыс хат, естелік және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Атап кетсек, Асау үйретуден жарыс жеңімпазына 250 мың теңге, ІІ орынға 150 мың теңге, ІІІ орынға 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Сондай-ақ, аударыспақ жеңімпаздарына бас жүлденің, 30 мың теңгенің, 20 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Жекелей сынға түскендерге бас жүлде қой болды.
Ұлттық спорттың әдемілігі мен мәні — тек жеңіс пен марапаттарда емес, сонымен қатар ел мен жерге деген сүйіспеншілікте, бірлік пен ынтымақтастықта. Бұл шаралар аудан тұрғындарын біріктіріп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық спорттың беделін арттыруға үлкен ықпал етеді. Келешекте осындай шаралардың жиі өтуі жастар үшін үлкен мүмкіндік, ал ауыл азаматтары мен демеушілердің қолдауы мен ынтымақтастығы олардың табысты өтуіне зор үлес қосып келеді. Ұлттық спорт — бұл тек жарыс емес, ол біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің айқын көрінісі.

Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале