Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы да келіп жетті. Бұл – табиғатпен бірге тіршілік атаулы жаңарып, жер-жаһанға жылулық пен шуақ тарайтын ерекше кезең. Халқымыздың танымында бұл күні табиғат пен барша жан-жануарға, адамзатқа ерекше нұр мен қасиет дариды деген сенім бар.

Сол себепті болса керек, таң қылаң бере аудан тұрғындары үстілеріне ең сәнді, ең әдемі киімдерін киіп, орталық алаңға қарай ағылды. Барлығының көздегені – әз Наурызды ел болып, бірлікпен, шаттықпен қарсы алу.
Бұл күні ауа райы да мерекеге сай құлпырып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жылы лебі сезіліп, айнала ерекше ажарлана түскендей. Мекемелер тарапынан ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әсіресе қариялардың жүзінен қуаныш нұры байқалды.
Көп ұзамай біз де Тасқала ауданы орталығындағы алаңға келіп жеттік. Мұнда еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейінгі жұртшылықтың жүзінен шаттық пен қуаныштың белгісі анық көрінеді. Әсіресе Абай алаңына тігілген ақ боз үйлер мен тербелген алтыбақандар алыстан көз тартады. Көңілді әуендер мерекенің көркін қыздырып, думанды одан әрі ажарландыра түсті.
Алаңның әр тұсында көтерілген қазандар мен буы бұрқыраған самауырындар, жеті түрлі дәмнен дайындалған наурыз көже мен шоққа піскен кәуаптың аңқыған иісі келген жұрттың тәбетін ашады. Сауда жәрмеңкесінің де көрігі қыза түсіп, сатушылар мен сатып алушылар үшін берекелі күнге айналды.

Жиналған халықтың қарасы қалың болды. Әр мекеме ұлттық тағамдардан дастархан жайып, ақ боз үйлерде үлкендерге құрмет көрсетіліп, дәм ұсынылды. Ұлттық дәстүрдің көрінісі айқын сезілді.

Халық толық жиналған соң, сахнаға көтерілген қос жүргізуші Наурыз тойының басталғанын жариялап, мерекенің шымылдығын ашты. Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Талғат Шакиров жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтады.

– Бұл – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрінен бастау алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мереке. Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, ол – жаңғыру мен жаңару, татулық пен ізгіліктің, береке мен бірліктің айқын көрінісі. Табиғат-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы жанданып, адамзатқа жаңа серпін мен жаңа үміт сыйлайтын ерекше кезең, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, ол Тасқала ауданының дамуы мен жетістіктеріне тоқталып, бұл – халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Алдағы уақытта да ауданның өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Осынау шуақты мерекеде әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық, бақ-береке мен молшылық тілеп, ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың мәңгі сақталуына тілектестік білдірді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әз Наурыз құтты болсын!» деген ақжарма тілегі көпшіліктің көңілінен шықты.
Мереке барысында әжелер шашу шашып, келіндер наурыз көже таратты. Бұл күні ән шырқалып, би биленіп, халықтың көңілі ерекше көтерілді.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, арқан тарту, ләңгі тебу сияқты ойындарда қатысушылар өз күштерін сынады. Жарысқа қатысушылар белсенділік танытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама мазмұндылығымен, жаңашылдығымен ерекшеленді. Бірін-бірі қайталамайтын өнер көрсетілімдері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы, Наурыз мерекесі – тек думан мен тойдың ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына салт-дәстүрімізді сіңіретін тағылымы мол күн. Мұндай игі шаралар ұлт бірлігін нығайтып, рухани жаңғыруға жол ашады.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы