25.08.2020, 11:24
Оқылды: 44

Тасқалада үш мектеп күрделі жөнделуде

 Халықтың дегбірін алған індет, әсіресе мектеп оқушыларына үлкен қиындық әкелгені аян. Әйтсе де биылғы 2020-2021 оқу жылының да өзіндік ерекшеліктері болары ақиқат. Әрине, әр ата-ана, шәкірт, ұстаздар қауымын сан сауал жағадан алып жатқаны айтпаса да түсінікті. Өткен жылғы соңғы екі тоқсан ұстаздар қауымын айтпағанда, ата-аналарды әбден шаршатты. Онлайн оқудың көпшілігіне оңай соқпағаны дәлелдеуді қажет етпейді. Дегенмен «қалауын тапса, қар жанар» деген қағидамен оқу жылы да аяқталып, енді, міне, жаңа оқу жылы есігін ашты. Әр ата-ананың көкейінде сан алуан сұрақ астасып жатқаны анық. Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылы форматына қатысты нақты шешім шығарғанынан көпшілік құлағдар. Осы көпті толғандырған сұрақ төңірегінде Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымовамен әңгімелескен едік.

Айгүл Қадырбайқызы

– Айгүл Қадырбайқызы, биылғы оқу жылындағы өзгерістер туралы айтып өтсеңіз?

– Биыл санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2019-2020 оқу жылының 4-тоқсаны қашықтық форматында өткені бәріне мәлім. Аудандағы 18 білім ұясының барлығы осы форматта оқытты. Оқушылар мен ұстаздар бұл жағдайда жұмыс жасауға икемделді. Қажеттілік орын алатын болса, мектептердің компьютерлері пайдалануға берілетінін айтып өткен маңызды. 1-сыныпқа қабылданатын оқушылар «Әліппемен» қашықтан қауышатын болды. Жаңа 2020-2021 оқу жылына әзірлік қарқынды жүргенін айта кеткен ләзім. «Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды» басшылыққа алып, аудан орталығындағы 4 мектеп (Қ. Сәтбаев, С.Жақсығұлов, Ы.Алтынсарин, Сәулет) қашықтан, ал қалған 14 білім ұясы (шағын жинақы мектептер) штаттық режимде жұмыстанады. Онлайн оқытатын мектептерде атааналар өтініштері негізінде бастауыш мектеп оқушыларына (1-4 сынып) кезекті сыныптар ашылады. Қазіргі таңда 27 кезекші сыныптарда 312 оқушы оқытылады деп жоспарлануда. Және мекеме басшылығымен басқосулар өтіп, жағдайға орай талаптар қойылып, талқыланды. Қауіпсіз оқытуды қамтамасыз етуде үнемделген қаражат арқылы 41 тепловизор, 200 санитайзер, 70 аяқ киімге арналған дезинфекциялау кілемшелері, 79 бактерицидті шамдар, 990 л антисептик, 90 00 бетперделер, 6 590 қолғап алынды. Жалпы, осы қажетті заттарға 10 593,5 мың теңге қаражат жұмсалды. Бұл заттар тамыз айының 25-іне дейін алынатын болады.

– Жалпы, аудан мектептері биылғы оқу жылына қандай әзірлікпен келді?

– Әрине, әр оқу жылының өзіндік қиындығы болары кәдік. Биылғы қиындық жаппай елімізде орын алған індет. Дей тұрғанмен, аудандағы бес мектептің (С.Жақсығұлов, Ы.Алтынсарин, Қ.Сәтбаев, Ақтау ОББМ, Атамекен ОББМ) мектептерінің жиһаздарын жаңарту мақсатында жергілікті бюджеттен 15,3 млн теңге қаражат бөлінді . Сондай-ақ, биыл ауданның үш мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті жөндеу жұмысына – 165 858,0 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын қолға алған «Энергия» құрылыс компаниясы 15 мамырда іске кірісті. Жұмыстар қыркүйектің ортасында тәмамдалады деп күтілуде. Жөндеу 80 пайызға орындалған.

«Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы Ақтау және Атамекен ЖББМ жөндеу жұмыстары жүруде. Ақтау «Аяла» ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Күрделі жөндеуге – 202 667,0 теңге жұмсалған. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, бұл білім ұяларына облыстық бюджеттен 14 588,0 теңге қарастырылды. 9 мектептің әжетханаларын ішке енгізу жұмысы аяқталды.18 мектептің 17-сінде іште әжетхана бар. Бұл да оқушыларға жасалып жатқан қамқорлық.

– Жалпы, елдегі жаппай орын алған індет кезінде кейбір аудандардағы оқушылар компьютер жетіспеушілігі, интернеттің нашарлығы салдарынан қиындық көрді. Ауданда бұл мәселе қалай жолға қойылған? Осы жайында тарқатып айтып өтсеңіз?

– Бұл мәселе аудан мектептерінде толығымен шешілді деп айта аламыз. Қазіргі таңда 83 әлеуметтік қорғауды қажет ететін отбасындағы 135 оқушыға мектептерден компьютерлер уақытша қолдануға таратылатын болады. Дәл осы уақыт аралығында 70 жанұя мектеп компьютерімен қамтылды. Жаңа оқу жылында COVID-19 індетінің таралуының алдын алу мақсатында барлық білім ұяларында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң түрде қойылды. Және мекеме басшыларымен бұл талап жайы талқыланғанын да айта кеткеніміз жөн. Сонымен бірге 10 850,0 теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, оған 4 мектепке 50 компьютер алынды.

– «Мектепке жол – 2020» акциясы барысында оқушылар қандай көмек түріне ие болды?

– «Мектепке жол – 2020» акциясының басталуына байланысты әрбір білім беретін ұйымдарда стендтер орнатылды. Онда ата-аналарға арналған жадынамалар, сұрақ жауап бұрышы т.б. ақпараттар орын алды. Сонымен қоса әр білім ұясында мектеп әкімшілігі, психолог, медбике әлеуметтік педагогтардан топ құрылды. Олар балаларды оқыту, тәрбиелеуге байланысты сұрақтарға жауап беріп, атааналарға әртүрлі жағдайларды шешуге көмектесу бағытында жұмыстанды. Мектеп жасындағы балаларды толық оқумен қамтуда үй-үйге барып, соның ішінде шалғайда орналасқан нүктелер мен бөлімшелерді аралап, балаларды есепке алу жұмысы жүрді. Акция кезінде 52 рейдтік шаралар жүзеге асырылды. Оған 36 тұлға тартылды. Оның 23-білім, 2-еуі әлеуметтік сала және 11-і атааналар комитетінің мүшелері.

Сонымен қатар педагогикалық ұжымдар мен көпбалалы және аз қамтылған отбасы оқушыларына материалдық көмек көрсетілуде.

Акция шеңберінде 335 оқушы материалдық көмек алса, бюджет қаражаттары есебінен – 303 және бюджеттен тыс қаражат есебінен – 32 оқушыға қолдау болды. Бұл көмектің жалпы сомасы 4 млн. 777 мың теңгені құрады. Оның ішінде бюджет қаражаттары – 4 млн. 600 мың теңге және бюджеттен тыс қаражаттар – 177 мың көлемінде.

– Мәліметіңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Тұрсын Тек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале