Амангелді ауылында Тәуелсіздік күніне орай «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы «Орал» магистральдық газ құбырлары және Шежін желілік өндірістік басқармасының ұйымдастыруымен волейболдан халықаралық жарыс өтті.
Оған Тасқала құрама командасы, «Саратов газпром трансгаз» АҚ, желілік өндірістік басқармасы, сондай-ақ, «Қазақ Газ Аймақ» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, Орал магистральдық газ құбырлары басқармаларының командалары қатысып, бақ сынады.
Аталмыш шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасының директоры Абай Байқұлов және Ресей елінен келген «Газпром трансгаз Саратов» желілік өндірістік басқармасы департаменті ашық акционерлік қоғамы Пугачев желілік өндірісінің басшысы Андрей Кошлев пен Амангелді ауылының әкімі Әсет Хайыршаков, Шежін желілік өндірістік басқармасының басшысы Бақытжан Мажитов және басқа да қонақтар қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Рауан Бисенғалиұлы жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ осындай ауқымды шараны ұйымдастырып, спортшыларды құшақ жая қарсы алған Шежін желілік өндірістік басқармасының басшысы Бақытжан Ибрагимұлына аудан экономикасының дамуына үлес қосып, көмек қолын созып жүргені үшін алғыс білдірді.
Содан соң ән шырқалып, командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Нәтижесінде жүлделі I орын «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» магистралдық газ құбырлары басқармасының командасына бұйырса, II орынды Тасқала құрама командасы жеңіп алды.
Ал III орынды көршілес Ресей командасы еншіледі. Жеңімпаз командалар облыс орталығындағы Қазақ драма театрында Тәуелсіздік күніне орай арнайы өтетін салтанатты шарада марапатталатын болады.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы