Бүгін Тасқала аудандық Халықтық штаб мүшелері аудандық балалар музыка мектебінің ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың 2 қыркүйек күні Жолдауында атап өтілген әрбір бағыт туралы терең талқылаулар жасалды. Штаб мүшелері Жолдаудың басты бағыттары мен 6 қазан күні өтетін референдум бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.
Штаб төрағасы Люция Жұбанышқалиева Жолдаудың әр бағытына жеке-жеке тоқталды. Жолдаудың негізгі мақсаттары мен бағдарламалары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Әсіресе «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстардың қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатқананы тілге тиек етті.
Кездесуде штаб мүшесі Айнұр Дүйсенова 6 қазан күні өтетін атом электр станциясы салу жөніндегі референдумның маңыздылығын атап өтіп, ұжымды белсенді қатысуға шақырды. Ол АЭС-тің қоршаған ортаға зияны жоқ екенін, бұл жобаның экологиялық тұрғыдан қауіпсіз екенін түсіндірді.
Кездесу барысында қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалып, нақты әрі толық жауаптар берілді.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы