Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қосшы ауылдық округінде «Жеңіс саябағының» ашылу рәсімі өтті. Аталмыш шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков пен бір кездері Оян ауылында ауыл әкімі болған Сансызбай Рахимов, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен еңбек және тыл ардагерлері, мектеп оқушылары, ұстаздар қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімі жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Бүгін біздің арамызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері болмаса да соғыс кезінде, соғыстан кейінгі қиын уақытта да қызмет жасап, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан аға буын өкілдері отыр.

Біздің осындай бақытты өмірде ғұмыр кешіп жатқанымыз біріншіден қан майданда жауға қарсы шайқасқан ардагерлеріміздің, екіншіден тылда «бәрі де майдан үшін» деген ұранмен күн-түні еңбек еткен ата-әжелеріміз бен осы аға буын өкілдерінің ерен еңбектерінің арқасы деп білеміз. Әруақытта да дендеріңіз сау болып, аман отырыңыздар. Сіздер көрген бейнетті кейінгі ұрпақ көрмесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Ауылымыз дамып, өркендей берсін деген Талғат Асқарұлы тыл ардагері Ғилымғали Калмурзин ақсақалға «Ұлы Жеңіске -80 жыл» мерекелік медалін табыс етті.



Содан соң ауыл тұрғыны, көп жылдар Оян ауылының дамуына сүбелі үлес қосқан Өтеген Ахметов сөз сөйлеп, жерлестерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Өз кезегінде ауыл әкімі Ербол Сидағалиев ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, демеушілік танытқан ауыл азаматтарына алғыс хат пен естелік сыйлықтарды табыс етті.

Айта кетейік, осыған дейін «Ешкімде ешнәрсе де ұмытылмайды» атты ескерткіш тақта жаңартылып, соғыстан оралмаған боздақтар мен соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған қатар қайтадан толықтырылған болатын. Салтанатты шараға жиналғандар ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, соғыста марқұм болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Естелік суретке түсті. Шара соңы, мектеп оқушылары дайындаған театрландырылған көрініспен жалғасты.

Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы