«Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, еліміздегі карантин жағдайына байланысты, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналып және ұлттық аспабымызды кеңінен насихаттау мақсатында «Жыр – Домбыра» атауымен жастар және оқушылар арасында онлайн ән-күй байқауы өтті.
Сайыс талабына сай қатысушы домбырамен ән немесе күй орындап, сапалы бейнежазбаға түсіруі керек. Сайыс нәтижесі 50 пайыз әділқазы алқасының бағасы арқылы анықталса, қалған 50 пайызы әлеуметтік желідегі белсенділігі (лайк, пікір) арқылы анықталды. Сайыс қорытындысында жастар арасынан ояндық Махамбет Есляшев І орынды қанжығасына байлады. Амангелділік Нұргелді Беркімбаев ІІ, ал мерекелік Жастілек Әубәкіровке ІІІ орын бұйырды. Оқушылар да бұл сайыста белсенділік танытты. Ақтау ауылынан Саят Ғабдысиық І орынды иеленсе, Тасқала ауылынан бақ сынаған Жамиля Нұрғазиева - ІІ, шежіндік Аяна Жұмашева ІІІ орынға лайық деп танылды. Онлайн байқауға төрелік еткен аудандық «Жас дәурен» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Алтай Шәріпұлына айтар алғысым шексіз. Жеңімпаздар алғысхат және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Барлық қатысушылардың төл өнерімізді одан әрі дамытып, биік белестерді бағындыруына шын жүректен тілектеспін. Ең бастысы, әлемді шарлаған індеттен еліміз, отандастарымыз аман болсын!
Аман Байғали,
Амангелді ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы