Бүгін таңғы сағат 05:41-де Тасқала аудандық өрт сөндіру бөліміне аудандық ауруханада өрт шыққаны туралы қоңырау түседі.
Тез арада дабыл қағылып, өрт сөндірушілер үш минутта оқиға орнына жетеді. Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С.Молдашевтің айтуынша, екінші қабаттағы 18-ші палатадан өрт шыққан. Көмекке келген аудандық полиция мен төтенше жағдайлар бөлімі, сондай-ақ аурухана қызметкерлері тез арада науқастарды эвакуациялап, жарты сағатта жалынды сөндіріп үлгерген.
Десек те тілсіз жау 15 шаршы метр жерді шарпып, қазір орнын тазалау жұмысы қолға алынған. Айта кетелік, өрттің шығуына себепкер күдікті ұсталып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер