15.11.2023, 16:30
Оқылды: 56

Тасқаладағы ғылыми конференция: «Бұл жерден табылған тас құралы 40 мыңнан асады»

Тасқала ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Тарихы тереңнен сыр шерткен Тасқала» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

шара (6)

Тасқала ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының қолдауымен аудандық мәдениет үйінде конференция басталды.

Ғылыми-практикалық конференцияға республикамызға танымал тарих, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау саласының мамандары, қорық және тарихиөлкетану музейлері қызметкерлері, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының өкілдері, іс-шараға қызығушылық танытқан бөлім, мекеме, меншік нысанына қарамастан кәсіпорын басшылары қатысты.

шара (4)

 Конференция спикерлері ретінде Ә. Марғұлан атындағы археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Мамиров, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы Есқайрат Хайдаров, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқытушылары Альфия Байболсынова, Рысты Халелова, М. Мәметова мемориалдық музейі бөлімінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының «Экология» бөлімінің меңгерушісі Райымбек Анатолий, Казталов ауданы Қараөзен мектеп-лицейінің мұғалімі Уәлихан Сағидуллин қатысып, өздерінің еңбегін паш етті.

Конференция жұмысы негізгі екі тақырыпта өрбіді.

 Біріншісі – «Тасқала ауданы көне заманнан қазіргі уақытқа дейін» болса, екіншісі – «Тасқала ауданының флорасы мен фаунасы».

Тасқала ауданы – Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Ол 1933 жылы 8 қарашада құрылып, «Каменка ауданы» деп аталған, 1993 жылдан қазіргі атауын иеленді. Аудан аумағы – 8 068 шаршы шақырым. Тасқала Ресей Федерациясының Саратов облысы аумағымен, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек, Ақжайық, Казталов аудандарымен шектесіп жатыр. Ауданның жалпы жер қыртысы тегіс. Ең биік төбесі – Ешкітау (Ичка), теңіз деңгейінен биіктігі – 259 метр. Ауданның гидрографиялық жүйесінде Деркөл, 1-Шежін, 2-Шежін шағын өзендері бар. Аудан арқылы Шежін, Мереке, Қазақстан, Қосшы ауылдық округтері аумағынан өтетін, Киров су қоймасынан басталатын Жайықбай каналы өтеді. Шежін ауылдық округінің аумағында Бірқазан мемлекеттік қорығы бар. Онда табиғатта сирек кездесетін су құстары мен жыртқыш аңдар мекендейді. Жалпы конференция басталғаннан тарихшылар қатысушыларды тың деректермен сусындатты.

шара (7)

– Археология ғылымында нәтиже бар. Бұнда тек қазба жұмысы емес, сонымен қатар бірнеше ғалымның үлесі керек. Ғылыми әдісті қолдану қажет. Ботай мәдениеті сонау 1980 жылдардан бастап, 40 жылдай уақыт өтсе де әлі зерттеліп жатыр. Ортақ болжамға келу үшін биологтар, ботаниктер, генетиктар мен архитекторлар да өз үлесін қосуда. Ал енді Деркөлдің зерттелу уақыты – бар болғаны үш жыл. Сол үш жылдың ішінде біраз қазба жұмысы жүргізілді. Одан жылқы сүйектері табылды. Қолға үйретілген жылқы Ботай мәдениетінен 500 жыл бұрын деген болжам жасалды. Оны нақты дәлелдеу үшін ғалымдар тер төгіп жатыр. Бұл жерден табылған тас құралы 40 мыңнан асады. Құмыра қыштарын зерттеп бола келдік. Енді сүйектерін зерттеудеміз. Тасқала жерінде ерте заманнан жылқыны қолға үйреткен деген болжам көп жерде айтылып жүр. Бұл да шындыққа жанасады. Неге десеңіз, зерттеу жұмысын жүргізу кезінде жылқыға қатысты мәлімет табылуда. Тамақ ішкен құмыралардағы тамақ қалдықтарын зерттегенде жылқы сүтінің белгілері табылды. Екіншіден, үйлер және жылқы қамаған орындары табылды. Қолға үйретілген деген болжам, адам мінген жылқы сүйектерінде өзгешелік болады. Аздап майысқан болса да айырмашылық болады. Жылқы тістерінде ауыздық іздері де қалған. Ол дәуірлерде қой мен жылқыны қолға үйрету ыңғайлы болғандықтан, қолға ұстаған. 48 шаршы метр жерден бірнеше жылқының қаңқасы табылды. Дәл осы зерттеу жұмысын жүргізу кезінде аю мен бұғының қанқалары да кезіккен кез болды, – дейді Талғат Мамиров.

– Ауданның 90 жылдық тарихымен тұспа-тұс келген игі іс-шарада ғалымдар өздерінің жеткен жетістігін бөлісіп жатыр. Негізінен, ауданның тарихы тоқсан жылмен шектелмейді. Одан да тереңге бойлай береміз. Себебі зерттеу жұмысын жүргізген сайын көне жәдігерлерге көз жеткізудеміз. Сонау жылқыны қолға үйрету де осы Тасқала жерінен басталды деген гепотеза бар. Ол да бір сенсация деп есептейміз. Көптеген мәлімет тарих беттеріне жинақталуда. Батыс Қазақстан мемлекеттік архивінің құжаттары да бірнеше тарихымызды айқындайды. Бүгінгі менің тақырыбым ІІ Шежін ауылы туралы. Соның құрылуы мен аудан орталығы болғаны жөніндегі мәлімет бөлістім. Сол жердегі қоныстанған қазақтар, жетімдер үйі мен ашаршылық туралы айтып өттім. Болашақта ауқымды жинақ шығатындай жеткілікті материал бар екенін атап өткім келеді, –деді «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» атқарушы директоры Айболат Құрымбаев.

– Аталмыш конференция аудан әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Өйткені ел болғасын жерде тарих керек. Тарих болашағымыз үшін қажет. Өткенімізді білмей, болашақ жоқ. Бұрынғы Каменка, қазіргі Тасқала ауданы бойынша «Боздақтар» кітабына енбей қалған боздақтарды анықтадық. Ол 49 адамды құрайды. Сұрапыл соғыс жылдары ату жазасына кесілгендер мен істі болғандар тізімін де жасақтадық. Сонымен қатар соғыста ерлік көрсетіп, марапатқа ұсынылғандар мен Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмағандар туралы атап өттім. Түрлі себеппен Абжай Салиев секілді майдангерлер тиісті бағасын ала алмаған. Соғыста Ибат Кувашев бірнеше марапат алғанымен, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеген. Осындай ерлігі еш кеткен жерлес батыр бабаларымыздың болғанын кейінгі ұрпаққа таныстыру – біздің басты парымыз, – дейді Ахмедияр Батырханов.

шара (2)

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале