Тасқала ауданындағы «Шұғыла» жазғы сауықтыру лагерінде спорттық бағдарлаудан оқу-жаттығу лагерінің және жүгіру арқылы спорттық бағдарлаудан БҚО бойынша ашық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті.
Оқушылардың туристік-спорттық шеберліктерін шыңдау, спорттық бағдарлаудан спортшылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салты және спорттық бағдарлауды насихаттау, дамыту мақсатында ұйымдастырылған шараға БҚО балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова арнайы қатысты.
Алдымен құттықтау сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы қонақтарға қош келдіңіз айтып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сөз алған Ғалым Бекқалиев осы жарыстың өткізілуіне қолдау білдірген аудан әкімшілігіне алғыс айтып, аталмыш спорт түрінің маңыздылығына тоқталып өтті.
Бұл оқу-жаттығу лагері облыстық білім басқармасының қолдауымен, облыстық балалар мен жасөсірімдер туризмі және экология орталығының, сондай-ақ, Тасқала аудандық білім беру бөлімінің «Жас туристер станциясының» ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. Жарысқа Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Теректі, Қазталов, Тасқала аудандарынан алты команда қатысып, өзара бақ сынайтын болады.
«2011 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жарысты жыл сайын әр ауданда ұйымдастырып, көптеген оқушыларды қатыстыруға тырысамыз. Спорттық бағдарлау бойынша қатысушыларымыз жарысқа және жаттығу лагеріне келіп өздерінің бақтарын сынайды. Осымен қатар жүгіру мен спорттық бағдарлаудан БҚО чемпионаты өтіп жатыр. 70-тен аса қатысушы бар. Жас ерекшеліктері бойынша 10, 12, 14, 16, 18, 20 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатысуда. Жарыс алты қашықтықты қамтиды. Сондай-ақ теориялық сабақтарда беретін боламыз. Онда біз спорттық бағдарлаудың әліппесін үйрететеміз», - дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының спорттық бағдарлау бөлімінің меңгерушісі Райлан Нұрманов.
Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы