12.05.2020, 13:03
Оқылды: 67

Тасқалаға жаңа мешіт керек

Мешіт салу - сауабы үзілмейтін іс. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла тағала оған (ол кісіге) жұмақтан орын дайындайды» дейді. Жалпы, Ислам тарихында мешіт салу - барша мұсылман үшін қадірлі іс болған. Жер бетіндегі ең алғашқы мешіттің Мекке қаласындағы қасиетті Қағба екені баршаға мәлім. Осы жайында Құран-Кәрім аяттарында: «Адам баласы үшін (құлшылық жасау үшін жер бетінде алғаш құрылған үй Меккедегі Қағба) ол өте берекелі және бүкіл әлем (адамдамзат) үшін тура жолдың бастауы» (Әл Имран сүресі, 96 аят) делінген. Қасиетті Рамазан айында Тасқала ауданы орталығындағы ауылдың арқа бетінде орын тепкен мешітке ат басын бұрдық.

F0D19CC5-51C5-4E57-AE47-055EFCC37A60

Көрінеу көзге солғындау көрінетін ғибадат орнының ашылғанына жиырма жылдан аса уақыт болған екен.

Бас имам Айдын Ибрашевтің айтуынша, бұл қасиетті орын «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінде алғаш рет 1996 жылы «Тасқала аудандық мұсылмандар мешіті» есебінде тіркеліп, халық игілігіне берілген. Ал 2012 жылы БҚО Әділет департаментінде филиалды есептік қайта тіркеуден өтіп, №140-1926-Ф-д нөмірлі куәлік алған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Кеңес одағы кезінде бұл ғимарат «Прометей» атты үлкен кітап дүкені болған. Өзге ұлт өкілдері көбірек қоныстанған ауданда халықтың басым бөлігін қазақтар құрағанымен, олардың дені орыс тілді болғаны белгілі. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана біртіндеп тұрғындардың күре тамырына қазақылықтың қаны жүре бастаған. Сонымен бірге орыс, татар, шешен, қалмақ, әзірбайжан, башқұрт сынды өзге ұлт өкілдері көбірек орналасқандықтан да құдайсыздар (атеистер) көп болған. Жалпы, жергілікті тұрғындардың ата-бабаларының басым бөлігі сонау 1950 жылдардағы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде келіп, осы жерде тұрақтап қалған беларус, украин, орыс сынды сол кездегі он бес ұлттан құралған өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары. Олардың кейбірі елдеріне қоныс аударып, көшіп, біразының қатары сиреген. Бүгінде аудан тұрғындарының 85 пайызы - өзіміздің қаракөздер. Мешітке демеуші табылмай, табиғи газ, электр жарығы, суға коммуналдық шығын уақытында төленбегендіктен шотты жауып тастаған қиын кездер де өткен. Бүгінде әупірімдеп біраз кедергілерді еңсергенімен, әлі де қарапайым халықпен имам арасында тығыз байланыс жоқ сияқты көрінді бізге. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебі іспеттес.

«Жабулы қазан жабулы күйінде қалған»

Әрине, ауданға жаңадан мешіт керек-ақ. Дегенмен бұл сөзге имамның өзі сенбейді. Өйтпегенде ше? Халықтан түсетін пітір садақа қай жыртықтарын жамасын?! Бұл мәселе көптен айтылып жүргендіктен құлақ үйреніп кеткен. Ізгі іске ұйытқы болатын намысты азаматтардың қолдауы жетпей жатқандай көрінді. Әрі имам еңбекақысыз қызмет етіп отыр. Еңбекақысыз еңбек етіп отырмын дегенін түсіне алмадық. Не үшін? Қазір жер-жерде имамдықтың тізгінін ұстап отырғандардың айлық алмай отыр дегенін түсіну қиын. Аудандағы 18 мыңға жуық халықтың имандылыққа бетбұрысы да жаман емес. Дейтұрғанмен сонау 1990 жылдардан бері аудан орталығында мешіт салу мәселесі төңірегінде әңгіме жүріп келе жатқанымен, түбегейлі батыл қадам жасалмай келе жатқаны шындық. Кезінде ауданнан цемент зауытын ашамыз деп «Ақ ниет» қоғамдық қоры құрылғаны белгілі. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Айтқали Сүндетбаевты сол ашылмаған зауыттың директорлығына тағайындап та қойған еді. Тіпті астына көлік те берген. Бірақ Достық ауылы тұсынан ашылады деген кәсіпорынның жайы жергілікті халықтан қолдау болмай сиырқұйымшақтанып кеткен. Сол жиналған қаржыға (не бәрі 2 миллион қаражат жиналған) ғибадат орнының құрылысын бастау жайында мәселе қозғалғанымен, мешіт «жыры» жабулы қазан күйінде қалып қойған. «Мешіт салынатын болса, зейнетақымыздан болса да қаржылай қолдаймыз» деген ауыл қарттары да ақыр соңында ауыздарын құр шөппен сүртіп, бұл іс орта жолда тоқтап қалған. Сол кездегі қоғамдық қордың жетекшісі Арон Кенжеғалиев: «Мешіт құрылысына шамамен 20 миллион теңге көлемінде қаражат керек. Біздің қорда бары 2 миллиондай ғана ақша болды. Ол құрылыс жұмысына жетпейтін еді», - дейді. Дегенмен сол кездегі аудан әкімі С.Оразов құрылыс жұмысына 100 мың теңге берсе, бас дәрігер қызметін атқарған Бақтығали Ахметов те демеуші боп өз үлесін қосыпты. Тұрарбек Есқалиев атты жылқышы бір жылқының құны деп - 50 000 теңге демеу жасаған көрінеді. Бірақ мешіт салуға ыңғайлы жер табылмаған. Әрі қаржы да жиналмапты.

Түріктер Құран сыйлаған

Намаз оқитын жер болмаса да татар, қазақ ағайындардың діндарлығына ешкім кедергі бола алмаған. Ауданның құрметті азаматы, өлкетанушы Ғалым аға Хисаметдиновтің айтуынша, аудан орталығында бұрын мұсылмандардың Аллаға құлшылық ететін орны болмаған. Халық тек Шежін ауылындағы намазханаға кеп мінәжат еткенге ұқсайды. Бірақ орыс ұлтының өкілдері басым болғандықтан, аудан орталығында олардың шоқынатын шіркеуі үздіксіз жұмыс жасап тұрған. Ғалым ағайдың әкесі Ғайни Камалиденұлы да намаз оқыған, діндар адам болыпты. Оның әкесі де азаншы, молда болған. Ал әкесінің анасы Гүлжан Бектенова өте діндар адам екен, жарықтық. 1932 жылы аштықтан көз жұмған. Ғалым ағайдың өз анасы – Ғайша Бауытқызы да бес уақыт намазын қаза қылмаған, арабша оқитын адам тұғын. 1995 жылы Алматыда қызының қолында тұрып, мешітке барып жүрген кезінде оны имамдар өздерімен бірге Түркияға алып барған. Сол сапарында түріктер анасына Құран мен есімі жазылған жайнамаз сыйға тартыпты. Бұл да бір тарих. Бүгінде ол Құранды Ғалым ағай көздің қарашығындай қастерлейді. «Бұл - үйдің ең құнды жәдігері. Сондықтан менен соң, немерелеріме мирас боп қалары анық», - дейді ағынан жарылып. Иә, ауданда жөні түзу мешіт жоқ екені ойландырмай қоймайтыны анық. Әрине, «көп түкірсе - көл» дегендей, бұл мәселе жайында көп айтылып жүргенімен, бел шешіп кірісуге халықтың ымырашылдығы аса қажет секілді. Жер-жерде қалталы азаматтар ғана емес, қалтасында көк тиыны жоқ, бірақ иманы бар қарапайым адамдардың халықтан садақаға алақан жайып жүріп, мешіт салғанын көзіміз көрді. Ең бастысы ниет болса, Алла жәрдем берері хақ.

«Қалталылар мешіттен не алсын!»

Ауданның арқа бетінде орын тепкен – Алланың жердегі үйінде намаз оқитын жер, дәрет алатын орын бар. Бұл жерге ат басын бұрмас бұрын имаммен телефон арқылы сөйлескенімізде ол: «Қалталылар мешіттен не алсын?» деп қалды. Имамның аузынан шығатын сөз болмағасын, елең еттік. Қалай сонда, мешітке тек қалтасы жұқалар ғана келе ме? Еңбегіне ақша алмайтын имам (өз сөзі) электр жарығы, көгілдір отын, су сынды коммуналды төлемдер шығынын өтеуде қиындық туып отырғанын айтты. Демеуші іздегенімен оны табу қиын екенін алға тартты. Әрі қазіргі мешітте дәретхана жоқ екен. Жер астын қазған сайын су шығатындықтан, дәретхана үшін жер қазу оңай болмай тұрғанын тілге тиек етті. Сөзіне қарасақ, бәрі қиын. Демеуші табу да оңай шаруа емес, әрине. Бірақ бізге ниет аздау сияқты көрінді. Жаңа мешіт салуға құлшыныс танытып тұрған имамды көре алмадық. Әлде сенім аз ба?

11 ай жүріп, қажылық парызын өтеген

Ауданның тағы бір құрметті азаматы Арон ағай Кенжеғалиев сонау алпысыншы жылдары ресейден елге оралған молданың ұрпағы. Молда болғанда кәдімгі қажының немересі. Асыра сілтеу кезінде бұлардың әулеті 1928-1930 жылдары көршілес ресейге табан тіреген екен. Атасы Жүсіпәлі қажы 11 ай жаяу жүріп, қажылық парызын өтеген адам болған. Қасиетті Меккеге алты ай жүріп барып, қайтарда бес ай жүріп келген. Әке-шешесі де бес уақыт намаздарын қаза қылмаған жандар екен. Ресейден оралған соң ұлына (Арон ағайға): «Қазір заман басқа, өз қалаған жолыңмен жүре бер. Қайда жүрсең де аман жүр», - деп ақ батасын берген. «Ол кездері халық атеист болды ғой. Дастарханда отырып бет сипамаушы (бата қылып) еді» деп еске алады қажының немересі. Иә, қазір уақыт басқа. Аллаға сансыз шүкірлік өз дініміз, өз ділімізді таптық. Дейтұрғанмен ауданда мешіт құрылысын қолға алар қалталы азаматтар болса, арнайы қор ашылса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Биыл аудан әкімі тарапынан бастама көтеріліп жатқанын естіп, шүкіршілік еттік. Бұл іс нәтижелі боп күмбезі алыстан көз тартар мешіт бой көтерер күн де алыс емес шығар. Мешіт салу - өте сауапты іс. Сол сауаптан құр қалмайық, ағайын!

Гүлнар Тасболатқызы

Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале