13.10.2020, 11:19
Оқылды: 33

Тасқалалық Азаматтың шеберханасы көпке үлгі

Тасқалалық Азамат Ықыласов бала кезінен қылқаламға әуес боп өсті. Көкжиегі кең, талапшыл ұл Оян орта мектебінде оқыған кезінен бейнелеуден сабақ беретін ұстаздарының жанында жүріп, бұл мамандықтың қыр-сырына ерте қанықты. Бала кезінде дала үнін естіп өскен оның көңіл көкжиегінде табиғатпен үндескен асау арман бұлқынып жататын.

e469bf5b-d22d-4715-bd93-884c95baf684

Алғаш рет күз көрінісін жазған еді. Өмірдің боямалы сәті жас суретшінің көңіліне тебіреніс сынды бір асаулық сыйлаған болатын. Жақсылардың жанында жүріп, суретке етене жақын балақайдың көкірегінде бұла арман бүр жарды.

Кәсіби суретші Нұртас Күсегеновтің әр ісі, шығармашыл болмысы қызықтыратын. Сөйтіп жүріп, өзі де ақ параққа туындыларын өрнек қылып сала бастады. Сурет пәнінен сабақ берген бұл ағайы оның үлкен өмірге қадам басардағы ұстазы болды.

Қ.Сәтбаев атындағы білім ұясында қызмет еткенде әскери дайындықтан сабақ берген Ерғали Ерханов есімді ұстазы өте шебер еді. Сол ұстазының безендіру жұмыстары да өзіне тартып әкетті. Бала кезінен арманшыл жан Оян мектебінде алғашқы әскери дайындықтан сабақ беріп жүрген кезінде бейнелеу өнерінің қыр-сырына әбден қанықты. Себебі оларға безендіру жұмыстары қоса жүктелетін. Қолдан келетін шеберліктері сараланды ма, әйтеуір мектептің бар безендіруіне білек сыбана кірісіп кететін. Сонымен қатар мектепте сызу, сурет сабақтары да оған қосымша жүктелді. Мұның бәрі арманы таудай азаматтың өсу жолындағы баспалдақтары болғанына күмән жоқ. Ойланбастан Орал қаласындағы педагогикалық колледждің бейнелеу факультетіне оқуға түседі. Колледжден кейін бейнелеу өнеріне ден қойған ол оқудан соң да аудан мекемелерінде безендіру жұмыстарымен ұдайы айналысты. Колледжде оқып жүргенде қазақ батырының сауыты мен дулығасын металдан жасап, оның тырнақалды туындысы жоғары бағаланғаны әлі есінде. Бұл еңбегі де өзінің көңілінен шыққан болатын. Қиялындағы бала арманы кейін орындалып, шығармашылыққа кең жол ашты.

9d1e2863-0259-48a3-a448-4c685d8a5d35

Азамат Ерболатұлы 2009 жылы өз үйінің жанынан шеберхана ашты. Әр түрлі баннер, жарнама, сувенирлерді тапсырыс арқылы жасайтын кейіпкеріміз қашан да ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бүгінде жанарын алысқа тіккен сол бір қағылез қара баланың арманы орындалып, өз шеберханасында үздіксіз жұмыс үстінде. Айнала бояу, қағаз қиындылары. Ісінен ләззат алып, сапалы жұмыстануды ғана басты мақсат еткен шебердің үлкен цех ашсам деген арманы тағы бар. Ағаштан да ойып, керемет дүниелер жасайтын оның еңбегі елеулі.

Сол кәсіптің арқасында бұрынғы үйінің жанынан екі қабатты зәулім баспана бой көтерген. Адал, жанашыр достарының көмегімен баспананы өзі тұрғызып алған. Бүгінде Азамат Ерболатұлы сүйікті жұбайы Динара Баешева екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Динараның мамандығы – психолог. Аудандық сайлау учаскесінде қызмет етеді. Бақытты отбасының тұңғышы – Аружан Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнында білім алуда. Азат Қ.Сәтбаев атындағы білім ұясының 9-сыныбында оқыса, Ерғали осы мектептің даярлық бөлімінде.

2002 жылы отбасын құрған Азамат пен Динараның ертеңге сенімі жоғары.

Әртүрлі жарнамалар қабылдап, тынымсыз еңбек ететін кейіпкеріміздің әрбір жұмысы қайталанбайтынымен құнды. Өз қаражатымен кәсіп ашқан Азамат Ерболатұлы болашақта елді көркейту бағытында бизнесті дамытуды алдына мақсат етіп қойған. Жиһаз жасаумен де айналысатын кәсіпкердің әр күні ізденіске толы.

 

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале