16.11.2018, 12:18
Оқылды: 79

Тасқалалық әжелер ансамблі бөбектерге ертегі оқып береді

«Балаға қай тілде білім берсең, түбінде сол елге қызмет ететін болады» дейді Мұстафа Шоқай. Ал үш тілді қатар меңгеріп, тәрбиенің тең жартысын ғаламтордан алып жүрген балдырғандардың ертеңгі тағдыры не болмақ? Дәл осы мәселе күн тәртібінде тұрған өзектілер қатарында.

 ajeler

Тасқала ауданының «Ақ тілеу» әжелер ансамблімен кездескен аудан әкімі Алдияр Халелов ұрпақ тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті.

         -Қазіргі таңда мектеп пен балабақша балаға білім мен тәрбиені қатар береді дегеннің өзінде толғандыратын сауалдар бар. Мысалы мектептен келген бала сабағын оқып болысымен ғаламторға жүгінеді, оған қараған ата-ана жоқтың қасы. Себебі жұмыс, үй тірлігі, әйтеуір бірдеңе табылары анық. Қазіргі балалар ұлттық рухтан қалыс қалып, негізгі тамырын жоғалтып алып жатқандай. Сондықтан көпті көргенсіздермен ақылдасайын деп келдім. Балабақшаға барып, балалармен уақыт өткізуді ұсынсақ қалай қарайсыз? Балдырғандарға ертегі айтып, үлкен топтарға қолөнер немесе тағы басқа өнегелі іс үйретсеңіз бала тәрбиесіне қосар көмегіңіз болар еді,- деді Алдияр Сансызбайұлы.

Әнімен халықты тербетіп, өнегесімен елітіп жүрген әжелер аталмыш ұсынысты бір ауыздан қолдады. Ұрпақ келешегін әріден саралаған абзал аналар қолдан келгенше көмек беріп, белсенділік танытуға бірден  келісті.   -        -Қазақ «Атаңның емес, елдің баласы бол» демейтін бе еді? Халықтың қамын, жұртының жоғын ойлаған бала бірден тумайды, ондай жанды тәрбиелеу керек. Елдің баласы бөтен болмайды. Ұсынысыңыз да, уайымыңыз да орынды. Біз де қолдан келгенше белсенділік танытып, көмегімізді береміз,- десті.

Айта кетейік, 30 жылдық тарихы бар ансамбль осыған дейін мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, қыздар тәрбиесі туралы әңгіме айтып келеді. Қазақ қызына тән тектілік пен ибалық, ұлдарға тән рух пен қайсарлық тақырыбындағы сөздер жастар үшін өнегеге айналды.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале