Маягүл Сариева жетекшілік ететін Тасқала ауданының «Айкөркем» және «Айжұлдыз» бишілер тобы Ташкент қаласында өткен VI халықаралық «Музыка жизни» байқауына қатысып жүлдемен оралды.
Біз топ жетекшісі Маягүл Нұрланқызына жолығып, сөзге тартқан болатынбыз.
– 18 топтың арасынан бас жүлдені «Айкөркем» би тобы жеңіп алды. Ал 9-12 жас аралығындағы бишілерден «Айжұлдыз» би тобы жүлделі бірінші орынға табан тіреді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байқау Өзбекстанның мемлекеттік консерваториясында жоғары деңгейде өтті. Бас жүлдеге келесі байқауға қатысуға бес миллион сом сертификат берді. Ташкент қаласына екі би тобынан оқушылар мен алты ата-ана барды. Демеушілік танытқан да ата-аналардың өздері. Бишілер сахна төрінде өзіміздің ұлттық биімізді нақышына келтіре орындап, көпшілік көңілінен шықты. Байқаудан соң оқушыларға Ташкент қаласының көрікті жерлерін аралаттық, – дейді биші.
Иә, Маягүл Нұрланқызының шәкірттері кез келген байқаудан жүлдесіз келген емес.
Назгүл Серікқызы ,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz