Тасқала ауданы әкімі Алдияр Халелов бастаған тасқалалық делегация іссапармен Татарстан республикасы Ақтаныш ауданына барып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп қайтты.
Оның құрамында еңбек ардагері, өлкетанушы, Г.Хисаметдинов пен аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, бөлім басшылары мен округ әкімі және кәсіпкер азаматтар болды.
Қазақстандық делегацияны аудан басшысы Энгель Фаттахов құшақ жая қарсы алды. Қош келдіңіз айтып, Ақтаныш ауданы жөнінде таныстырып өтті. Екінші күні аудан басшылығының мәжіліс залында Энгель Навапұлы тасқалалықтарды ресми түрде қабылдады.
Елдің тарихы мен оның экономикалық дамуы жөнінде тілге тиек етті.
-Негізінен аудан тарихи деректерге бай. Оның аумағында бес археологиялық комплекс орналасқан. Олардың көбінен зергерлік бұйымдар мен жебелер табылған. Сондай-ақ, жергілікті халықтың арасында Ұбыркөл (Озера обжора) көлінің түпсіз терең шұңқырында ханның жоғалтқан қазынасы жатыр деген аңыз бар.
Мұнымен қоса аудан аумағында көптеген өзен ағып жатыр. Олардың арасында ең ірі Кама және Ақ өзендері.
Жалпы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданынан арнайы келген қазақстандық делегациясының өңірімізде болуы біздің олармен ынтымағымызды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Екі ел арасындағы жүргізілген келіссөз инвестициялық, экономикалық сауда мен туризмді, сондай-ақ мәдениетімізді байланыстырып, тығыз қарым-қатынаста еңбек етуге үлкен септігін тигізеді,- деді Э.Фаттахов.
Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы екі ел арасындағы қарым-қатынас тек мұнымен шектеліп қалмайтынын айта келіп, болашақта елдің дамуы бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
-Біздің сізден үйренеріміз көп. Елге барғаннан соң Ақтаныш ауданынан алған тәжірибемізді жоспарымызға қосып, жұмыстанатын боламыз. Сіздер де біздегі бар жақсы дүниелерді өз жеріңізде пайдалансаңыздар болады. Осылайша екі аудан бір-бірімізден үйрену арқылы елдің дамуына ықпал ететін боламыз,- деген Алдияр Сансызбайұлы Энгель Фаттаховқа тасқалалықтар атынан ескерткіш сыйлық табыс етті.
Шара барысында бір-бірін ынтымақтастық пен іскерлікті дамыту үшін қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырған қос басшы меморандумға қол қойды.
Содан соң делегация Ақтаныш ауданының агроөнеркәсіптік паркінің жұмысымен танысып, жергілікті тарихи-өлкетану мұражайында болды.
Айта кету керек, мұражайда ауданның тарихын бейнелейтін 12 бөлім бар.
Одан әрі делегация Кеңес Одағының батыры Хасан Замановтың атындағы Ақтаныш кадет мектеп-интернатын, аудан орталығында орналасқан 1000 орындық ашық стадион мен мұз айдыны, жазғы ойындар өтетін спорт мектебі мен шаңғы орталығы көрді.
Бұдан басқа делегация агрегат заводында болды. Мұнда күні-түні үш аусыммен 85 адам қызмет жасайды. Олар 20-ға жуық өнім шығарады. Жаңа технологиямен жұмыс істейтін «Нұр Баян» сүт фермасында болған тасқалалықтар «Карусель» сүт сауу залында сиырлардың бір мезгілде қалай сауылатынын көрді.
Осылайша тасқалалық делегация татар еліндегі игі жұмыстарды көрді. Енді сол көргендерді ауданда қолға алып, ауданның гүлденуіне ықпал ету керек. Бұл сапар екі тарапқа да экономиканы, инвестиция мен мәдени, білім, сондай-ақ туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!