Ардагер. Осы бір ауыз сөзде қаншама мағына, мән жатыр. Еңбек ардагері деген атқа лайық болған жандар қоғамға, елге еңбегі сіңген, ауыртпалықтарға мойымай қарсы тұрып, өмірде өзін адалдықпен таныта білген, жастарға бағыт-бағдар беретін қадірлі ағаларымыз. Олар-елдің бетке ұстар азаматтары. Бүгінде солардың бірі, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан ояндық еңбек ардагері Бөкей Ғиниятұлы 75 жасқа толып отыр.
Өткен аптада Тасқала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков Оян ауылының тұрғыны Бөкей Бекесевтің шаңырағында болып, еңбек ардагерін 75 жасымен құттықтады. Мерейтой иесіне ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков «Тасқала ауданының құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков өзінің құттықтау сөзінде Бөкей ағаның көп жылдар бойғы адал еңбегін жоғары бағалап, ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті. «Сіз қай салада да іскерлік қабілетіңізді көрсетуге тырыстыңыз, өзіңізге артылған жауапкершілікке зор сеніммен қарадыңыз. Өзіңізге артылған жүктің ауырлығына қарамастан, халыққа қызмет етуден ешқашан жалықпадыңыз. Көз көрген азаматсыз, жасыңызға жас қосыла берсін. Деніңізге саулық тілеймін. Өсіп келе жатқан ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп жүре беріңіз», -деді өз сөзінде.
Айта кетейік, Бөкей Ғиниятұлы 1950 жылдың 16 қаңтарында Самара облысында көпбалалы отбасында дүниеге келеді. 1959 жылы оның отбасы Оян ауылына қоныс аударады. Ауыл оның болашағына ерекше ықпал етеді. 1966 жылы ол сегіз жылдық мектепті тәмамдайды. Әрқашан өзіне жоғары жауапкершілікпен қарап, еңбекке деген сүйіспеншілігі мен адалдығымен ерекшеленіп келеді. 1967 жылы Орал қаласына оқуға түсіп, экскаватор мен автогрейдерді жүргізу куәлігін алады. Жасынан еңбекке құштар болып өскен ол, өзіне артылған міндеттерді адал әрі жоғары деңгейде орындауға тырысады. Отан алдындағы борышын 1969-1971 жылдары Мәскеу қаласында өтейді. 1971 жылы елге оралып, ауылға келіп, бірнеше жыл бойы рейістік шопыр қызметін атқарады. 1971-1978 жылдары ол көлік жүргізу мен тасымалдау саласында еңбек етеді. Бұл жылдар оның еңбек жолында маңызды кезеңдердің бірі болды. Өзінің жұмысында үлкен жауапкершілік танытып, елге қызмет етуге адалдықпен қарады. 1978 жылы әкесі зейнеткерлікке шыққаннан кейін, өзінің жаңа бағытын таңдады. Ол ауыл шаруашылығына бет бұрып, шопан болып қызмет етті. Сол жылдары 100 қойдан 140-150 қозы алып, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Бесжылдықтың тапсырмаларын табысты орындады. Бөкей ағаның еңбекқорлығы мен адал еңбегі ауыл азаматтарына үлгі болды. Сол тынымсыз еңбектің нәтижесі болар Бөкей Бекесевтің төккен тері елеусіз қалмады. Үкімет тарапынан тиісті марапаттарға ұсынылып, «За трудовое отличие», «За трудовую доблесть» сынды медальдарды иеленді.
2013 жылы Бөкей Бекесев зейнеткерлікке шығып, еңбек демалысын бастайды. Бірақ, ол ешқашан жұмыстан алыстап кетпеді, түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатысып, ауылдағы жастарды еңбекқорлыққа баулуға өзінің үлесін қосты.
«Кез келген істің оңай болмайтынын, еңбек етудің ауырлығы мен маңыздылығын түсіну қажет. Әрбір жас өз ісін сүйіп, оған адал болу керек. Бірақ ең бастысы – табандылық пен қажырлы еңбек. Солардың арқасында мен бүгінгі күнге жеттім. Еңбек тек жұмыс істеп қана қоймай, еліміздің әл-ауқатын жақсартуға, қоғамға пайда тигізуге бағытталған болуы тиіс. Біз өз өмірімізді тек жеке мақсаттарымызға емес, жалпы елдің игілігіне жұмсадық. Енді жастар да осыны ұмытпауы керек», – дейді Бөкей Ғиниятұлы.
Бөкей ағаның өмірдің талай белсінен асып, ұрпақтары бақытты өмір сүруі үшін елеулі іс атқарып, ұлан-ғайыр істері-ауылдағы жастар үшін үлгі болары анық. Оның еңбекке деген құрметі, табандылығы мен адалдығы оны тек Оян ауылының ғана емес, бүкіл ауданның мақтанышына айналдырды. Ол әрқашан еңбекке деген көзқарасты дұрыс ұстанып, қоғамға адал қызмет етуді басты мақсат еткен азамат. Кейіпкеріміздің өмірі мен еңбек жолы оның ауылына, жалпы ауданға жасаған елеулі еңбегі мен оның елге деген сүйіспеншілігін дәлелдейді.
Бөкей аға қазіргі таңда тұңғыш ұлы Марлен мен келіні Гаухардың қолында. Қазіргі таңда үш ұлы мен бір қызынан алты немере, бір жиен сүйіп отырған ол ұрпақ қызығына бөленіп, ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көруде. Оның адалдығы мен еңбекке деген құрметі, табандылығы мен іскерлігі оның ғана емес, бүкіл ауданның мақтанышы. Еңбекқорлық пен адалдық – оның өмірінің басты қағидаты.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы