Алматы шаһарынан қуанышты хабар жетті. «Алматы марафонында» 10 шақырымға жүгіруден 12 000 мың адам бақ сынап, соның ішінде тасқалалық Ғариф Сатиев бірінші орынға табан тіреді.
Тасқала ауданының құрметті азаматы, қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын танымал марафоншы Ғариф Ғарифоллаұлы Тасқала ауданына қарасты Оян ауылының тумасы. Ол 1979 жылы Орал қаласындағы ауылшаруашылық институтын бітірген. Туған ауылында сегіз жыл қызмет етеді. Одан әрі жұмыс бабымен Алматы қаласына ауысып, 1987 жылдан бері Алматы қаласында тұрады. Спортпен шұғылданудың ешқашан ерте-кеші болмайтынына кейіпкеріміздің өмірі дәлел. 49 жасынан жүгірумен айналыса бастаған Ғариф Ғарифоллаұлының бүгінде жетістіктері өте көп.
«Бұл жылда сәуір айында өтетін халықаралық марафон. Оған 32 елден 12 мыңға жуық адам қатысты. Әртүрлі жас ерекшелігі бойынша өткен жарыста, 60 тан жоғары жас ерекшелігі арасында бірінші орынды иелендім. Бұл жыл сайын өткізілетін марафон. Жарыс ойдағыдай өтті», - дейді марафоншы Ғариф Ғарифоллаұлы.
Болат Бек,
Тасқала ауданы