Бүгін Тасқала ауданында Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен мәдени-демалыс орталығында ерекше мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, Сәулет мектеп лицейі директорының орынбасары Айгүл Дакешова және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Жиенбай Мирамбаев қатысты. Алғашқы сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы нәзік жандыларымызды мерекемен құттықтап, сайықа қатысушыларға сәттілік тіледі. «Space in flowers» атты сайыс ауданның нәзік жандылары арасында ұйымдастырылып, олардың сұлулығы мен өнерін паш етті.
Сайыс 4 негізгі кезеңнен тұрды таныстыру – қатысушылар өздерін ерекше форматта таныстырды, макияж – арулардың бет әрлеу шеберлігі сыналды, сұрақ-жауап кезеңі – логикалық және мәдениетке қатысты сұрақтарға жауап берді, шығармашылық өнер көрсету – әр қатысушы өз талантын көрсетті. Сайысқа ауылдық округтерден келген 8 ару қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша мерекелік Ақерке Нұржанова үздік деп танылып, I орын иегері атанса, жүлделі II орынды амангелділік Сандуғаш Тамашева, ал III орынды Сәулет мектеп лицейінің оқушысы Ақнұр Шутанова жеңіп алды. Сонымен қатар, арулар арнайы аталымдармен марапатталды. Соның ішінде Тасқала колледжінен қатысқан Айгерім Каримова «Сүйкімді ару», ақтаулық Албина Мансурова «креативті жас», ақтаулық Аслай Рамазанова «көркем мінезді ару», Достық ауылынан келген Гүлдана Балмағамбетова «шығармашыл жас» аталымдарын жеңіп алды. Қатысушыларға естелік сыйлықтар беріліп және «Fatima food house» орталығының атынан 20% жеңілдік табысталды.
Бұл сайыс әйелдер қауымының сұлулығы мен даналығын, өнері мен тапқырлығын дәріптейтін ерекше шара болды. Көктемнің шуақты мерекесінде ұйымдастырылған бұл байқау көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, барлық қатысушылар үшін жарқын естелікке айналды.
Назерке Шайхолла
Тасқала ауданы