Тасқала ауданының орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 4-сынып оқушысы Әнел Нұрболат Сербияның астанасы Белград қаласында өткен жарыста каратэден әлем чемпионы атанды.
Жолда болуына байланысты жас каратэшімен сұхбаттасудың сәті түспеді.
-Әнел каратэмен 2018 жылдың қараша айынан бастап айналысуда. Биыл бір жыл толды. Нәтижесі жаман емес. Алғашқы жетістігі Ақсай қаласында өткен республикалық турнирда үшінші орынға ие болғаны. Содан бастап жарыстардан қалған емес. Биыл ақпан айында Ресейдің Чебоксары қаласында өткен жарыста үшінші, мамыр айында Тараз қаласында өткен жарыста екінші, қазан айында Чебоксары қаласында өткен турнирде жүлделі үшінші орыннан көрінді. Облыстық, аудандық жарыстарда үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Ал осы жолғы жетістігі ата-ана үшін де, аудан үшін де үлкен тосын сый. Әнелдің аудандағы жаттықтырушысы Ажаргүл Шолақова. Ал оны ірі жарыстарға Фархад Жалмурзин дайындайды. Ол соңғы дайындықтардың көбін Переметный ауылында өткізді. Осы жолы Әнел 8-10 жас аралығында 30 келі салмақ дәрежесінде каратэнің екі түрінен бағын сынады. Екеуінде де жолы болып қос алтынды иеленді. Жарысқа әлемнің түкпір түкпірінен 2000-нан астам спортшы қатысты,-дейді анасы Магира.
Әнел болашақта каратэден жаттықтырушы болуды армандайды екен.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер