Елімізде өтіп жатқан референдумға халық белсенді қатысуда. Таңертеңнен бастап дауыс беру учаскелеріне келіп жатқан азаматтардың қарасы көп. Олардың қатарында ел ішінде құрметке ие сал-серілер де бар.

Қазақ халқының тарихында олардың орны ерекше. Сал-серілер – халықтың рухын көтеріп, ел ішінде өнеге мен бірлікті насихаттаған тұлғалар. Әсем киініп, өнерімен де, парасатымен де елге үлгі болған сал-серілер әрқашан халықтың ортасында жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласқан.
Бүгін де осы дәстүр жалғасын тауып отыр. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген олар референдумға арнайы келіп, өз таңдауларын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Олар дауыс беру – әр азаматтың азаматтық борышы екенін атап өтті.
Дауыс беру учаскесіне келген сал-серілер тіркеуден өтіп, бюллетень алып, арнайы кабиналарда өз таңдауларын жасады. Олар елдің болашағы халықтың бірлігі мен белсенділігіне байланысты екенін айтып, барша азаматтарды референдумға қатысуға шақырды.
Сал-серілердің елмен бірге маңызды саяси науқанға қатысуы – ұлттық дәстүр мен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығын көрсетеді. Бұл – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық игі іс.
Еламан Құспанов
Тасқала ауданы