Қазіргі таңда үй шаруасына өте қолайлы іс, ол – құс өсіру, оны баптау. Көбімізге белгілі, үйрек пен қаз – үй шаруашылығында ұстауға ыңғайлы ең пайдалы құстардың бірі. Олар күй талғамайды. Әрі етті және майлы, қауырсын мен мамықты мол беретін құстар десек қателеспейтініміз айқын.

Тасқала ауылы тұрғыны Ханзада Ғабдуллина көптен үйрек баптаумен айналысады. Ол кісінің айтуынша, үйрек пен қаз асыраудың пайдасы жетерлік. Зейнет жасындағы адамға пайдасымен қоса ермек. Оларға уақытымен ас-су бересің әрі дастарханның берекесін кіргізеді.
– Үйрек те, қаз да төзімді құстар қатарына жатады, – дейді әжей. Олардың ұясы жайында айта кетейін. Тақтайдан тығыз етіп жасалған қоралар олар үшін қолайлы. Оның едені жерден сәл жоғары етіп жасалуы керек. Әрбір қораны екіге бөлген тиімді болады: біріншісін – үлкендеу етіп, демалыс пен серуендеу үшін, ал екіншісін – кішілеу әрі аздап қараңғылау етіп, құстардың дамылдап отыруы мен жұмыртқа салуы үшін. Үйрек пен қаз өсірудегі ең маңызды нәрсе таза төсеніш пен міндетті түрде ауаны желдетіп тұру керек. Оларға да ауаның тазалығы маңызды, – деп білгенімен бөлісті. Әрбір құстың ұясын жасанды түрде бір-бірінен бөлек ету үшін шөп, сабан, қурай, құрақ сынды немесе басқа да шөптермен жауып, қоршап қою маңызды.
– Балапандардың қорегі туралы айтар болсақ, оларға ұсақтап туралып пісірілген жұмыртқа, салат, әртүрлі көк-сөк, пісірілген күріш немесе тары береміз. Екі аптаға дейін әрбір екі сағат сайын жем беру керек. Одан кейін жем беруді тәулігіне бестен үш ретке дейін қысқартамыз. Бұдан кейін үйрек пен қаз балапандары қанаттанып, шамамен екі айдай өсіп-жетілген уақытта оларды жетілген құстардың қорегіне көшіреміз. Ал ересек үйрекқаздарды жаз бен күзде көбінесе жайылымда ұстап, кешкі мезгілде ғана қоспа жеммен немесе дәнмен қоректендіруге болады. Үйрек пен қаз балапандарының тиімділігі сол, олар бар болғаны алғашқы 1,5-2 ай мерзімде ғана айтарлықтай калоритті жемді қажет етеді де, бұдан кейінгі уақытта оларды негізінен жайылымда өсіруге болады. Жайылымнан оралған уақытта күніне бір рет құстарды бақшаның көк шөптерімен: тамырлы жемістердің собығы, арамшөптер, адам тұтынуына жарамсыз жемістер мен көкөністерден, дән мен ұн қалдықтарынан дайындалған быламықпен қоректендіру керек, – дейді Ханзада Ғабдуллина.
– Қаз бен үйрек балапандарын тор астында өсіруге болады. Қаздар мен үйректерді жұмыртқа шығаруға отырғызудың қолайлы мезгілі – наурыз айының аяғы мен сәуірдің ортасы. Осы уақытта олардың жұмыртқалауы тоқтап, жұмыртқа басу түйсігі пайда болады. Ерте жарып шыққан қаз бен үйрек балапандарының өсу кезеңі ең қолайлы мезгілмен тұспа-тұс келеді. Себебі дәл осы уақытта олар жас, құнарлы шөппен қоректене алады. Қаздар мен үйректердің жұмыртқа басатын орыны қараңғылау, таза, иіссіз, температурасы 12ºС-тен төмен болмауы керек. Жұмыртқа басу барысында құс қорада тыныштық болуы шарт. Сондықтан өзге құстарды басқа жерге орналастырған дұрыс. Қаздар мен үйректер көбінесе жұмыртқа салған ұяларында ғана жұмыртқа басады. Егер жұмыртқаларды басқа жерге ауыстыратын болса, олар басуын тоқтатуы әбден мүмкін. Қаздың астына 11-13 жұмыртқа салады. Қаз бен үйрек балапандарын мұндай жолмен өсіру барысында жасанды жылытудың қажеті жоқ. Өйткені олар өздерінің жылулықтарын ұстап тұрады. Жейтін тамақтары да бір, келбеттері де ұқсайды. Бұл құстардың пайдалары жайлы айтатын болсақ, еті өте дәмді, ал қаздың майы денсаулыққа өте пайдалы болып келеді. Құстың еті – диеталық ет, жұмыртқа, май, мамық және қауырсыннан тұрады. Басқа жануарлардың етiмен салыстырғанда, құс етi – жеңсiк тағам, ағзаға жеңiл де жедел сiңедi. Сары ауруға ұшырағандарға тауық етiн ғана жеуге рұқсат етiлетiнi сондықтан, – дейді құс өсіруші. Ал қаздың майы болса, үсiк пен күйiкке тамаша ем. Өзіміз осы құстардың етін отбасымызбен сүйіп жейміз. Немерелерім құстың етінен сорпа пісіріңізші, – деген кезде, осы үйрек пен қаздың етін алып, дәмді етіп сорпа дайындап беремін. Сорпаны терлеп-тепшіп отырып тамсанып ішеміз. Сондықтан да қазіргі уақытқа байланысты ауылдастарыма құс баптап өсіруге кеңес бергім келеді. Ауыл адамдарына қаз, үйрек ұстау өте тиімді, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz